Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева сайлауалды науқан аясында Павлодар облысындағы «Рубиком» және «Жана Роса» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулер барысында партияның 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды.
Азық-түлік өнімдерін өндіруге маманданған «Рубиком» кәсіпорнында Дания Еспаева отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты партия ұсыныстарына тоқталды. Сондай-ақ бизнес пен еңбек адамдарының мүддесін қорғау және экономиканың нақты секторын одан әрі дамытуға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Партияның мәліметінше, «Рубиком» жұмыс істеген жылдары шамамен 2 мың жұмыс орнын ашқан. Қазіргі уақытта кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді.
Дания Еспаеваның айтуынша, «Ақ жол» өкілдері Құрылтайда кәсіпкерлер мен кәсіпорын қызметкерлерін толғандыратын мәселелер бойынша нақты заңнамалық шешімдер қабылдануына күш салмақ.
«Партия өкілдерінің Құрылтайдағы жұмысы өзекті мәселелерді көтерумен ғана шектелмей, оларды шешуге бағытталған нақты заңнамалық шешімдердің қабылдануына ықпал етуі керек», – деді партия төрағасы.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.
Сол күні «Ақ жол» партиясының сайлауалды штабының өкілдері «Жана Роса» зауытына да барды. Олар өндірістік цехтарды аралап, азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындардың өндірілу барысымен танысты.
Кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Экскурсиядан кейін Дания Еспаева еңбек ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Бағдарламадағы басымдықтар қатарында кәсіпкерлікті дамыту, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау, бизнестің мүддесін қорғау және экономиканың тиімділігін арттыру мәселелері аталды.
Кездесулер соңында партия өкілдері кәсіпорын қызметкерлерін 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысып, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.