АҚШ әкімшілігі Иранмен келісімге 6 сәуірге дейін қол жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, осы мақсатқа байланысты АҚШ Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын соққыларды уақытша тоқтатқан. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде мұндай шабуылдардың 10 күнге – 6 сәуірге дейін тоқтатылатынын хабарлаған болатын.
Президент келісімге қол жеткізуді қалайды. Уақыт аз қалды, бар болғаны бірнеше күн. Осы мерзім аяқталғаннан кейін не болатынын көреміз, – деді Ливитт.
Сонымен қатар Трамп келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда Иранның электр станциялары, мұнай кен орындары және Парсы шығанағындағы Харк аралы нысанаға алынуы мүмкін екенін ескерткен. Оның сөзінше, АҚШ Иранның «жаңа әрі прагматикалық» билік өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр және белгілі бір ілгерілеу бар.
Бұған дейін Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи Тегеранға АҚШ тарапынан келіссөз өткізу ұсынысы түскенін, алайда тікелей байланыс болмағанын айтқан.