Медицина – жай ғана мамандық емес, бұл – жан мен жүрекке жүк артатын қастерлі еңбек. Ақ халатты абзал жандардың ішінде медбикелердің алар орны айрықша. Олар күн сайын жүздеген тағдырмен бетпе-бет келіп, науқастың денсаулығы мен жан тыныштығына жауап береді. Қарапайым көрінетін, бірақ асқан төзімділік пен кәсіби шеберлікті қажет ететін бұл мамандық иелеріне соңғы жылдары мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бағыттағы ұстанымын нақты көрсеткен еді.
Ақ халатты жандардың, әсіресе медбикелердің еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ елдің саулығына тікелей ықпал ететін маңызды жұмыс. Біз осы мамандық иелеріне жан-жақты қолдау көрсетеміз, - деген болатын Президент.
Осындай жауапкершілік жүгін арқалап жүрген медбикелердің бірімен BAQ.KZ тілшісі тілдесіп, жұмысымен танысып қайтқан еді.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының гинекология бөлімінің медбикесі Камшат Тәжібекқызы Махажанова медицина саласындағы еңбек жолын қарапайым санитарлық қызметтен бастаған. Ол алғаш рет Кенен Әзірбаев атындағы перзентхананың гинекология бөлімінде санитар болып еңбекке араласқан. Бұл – бүгінде жиі байқала бермейтін еңбекке адалдықтың, қарапайым қызметтен басталған табандылықтың айқын көрінісі. Санитарлық қызметте үздіксіз 15 жыл еңбек еткен ол әріптестерінің құрметіне бөленіп, осы жылдар ішінде адам жанына деген жауапкершілік пен жанашырлықты бойына сіңірді.
Уақыт өте келе арман қуып, арнайы медициналық білім алып, қолына дипломын алған соң медбикелік қызметке ауысады. Бүгінде Камшат Тәжібекқызының медбике болып жүргеніне тоғыз жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол кәсіби шеберлігімен, науқастарға деген ыстық ықыласымен және ұжым арасындағы беделімен ерекшеленіп келеді.
Оның әр күні – үнемі қозғалыста, үнемі әрекет үстінде өтеді. Науқастардың жағдайын бақылау, қажетті процедураларды орындау, дәрі-дәрмек беру, дәрігерлерге көмек көрсету – осының бәрі медбикенің иығындағы үлкен жауапкершілік. Алайда Камшат Тәжібекқызы бұл міндетті кәсіби ғана емес, адами биік тұрғыдан атқарады.
Ұжымдастарының айтуынша, Камшат Тәжібекқызы – кез келген ортада салмақтылығымен, қарапайымдылығымен, көмектесуге дайын тұратын ашық мінезімен ерекшеленетін жан. Ал науқастар үшін ол – жүрегінде шапағаты, жүзінде мейірімі бар абзал медбике.
"Медбике – тек екпе салатын адам емес"
Камшат Тәжібекқызы үшін медбике болу – бала күнгі арманы.
Мен үшін бұл – жан қалауы. Ауруханада алғаш рет тәжірибеден өткен күннен бастап осы жолды таңдадым. Әлі де таңым ақ халатпен атып, кешім адамдарға мейіріммен қараумен батып келеді, – дейді ол жылы жымиып.

Камшат Тәжібекқызы – бүгінде көпке үлгі боларлық маман. Жұмыс барысында қиындық пен жауапкершіліктің қатар жүретінін біле тұра, әр науқасқа жеке көңіл бөліп, жан жылуын аямайды. Оның айтуынша, медбике болу – тек қана ем-дом жасау емес, науқастың жанын ұғынып, үміт сыйлау.
Кейде бір ауыз жылы сөз, қолды жай ғана ұстап тұру – науқастың көңілін көтеріп, емді әлдеқайда тиімді етеді. Мейірімділік – біздің басты қаруымыз, – дейді ол.
Бұл – жай ғана сөз емес, жүрекпен сезініп, күнделікті іс-әрекетпен дәлелденіп жүрген өмірлік қағида. Камшат Тәжібекқызы үшін науқастың сауығып кетуі – тек кәсіби жетістік емес, бұл – жан тыныштығы, адамгершілік жеңісі. Сол себепті де ол әрбір пациентке туыстай қамқорлық көрсетіп, олардың әр сөзін мұқият тыңдайды, көзқарасынан-ақ жай-күйін ұғына біледі.
Жан дүниені емдейтін мейірімділік – оның өмірлік ұстанымына айналған. Мұндай мамандар – қоғамның шын мәніндегі алтын діңгегі. Камшат Тәжібекқызындай жандар арқасында ақ халатты абзал жандарға деген сенім мен құрмет арта бермек.
Оның бойындағы кәсіби шеберлік пен адамгершілік қасиеттер ұштаса келіп, шынайы үлгілі маман бейнесін қалыптастырған. Мемлекеттік қолдау мен қоғамдағы оң көзқарас – мұндай жандардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін одан әрі арттыра түсуде.
Оның айтуынша, гинекология бөлімінде жұмыс істеу – тек кәсіби шеберлікті ғана емес, үлкен адами дайындықты да талап етеді. Себебі бұл салада әрбір науқаспен тіл табыса білу, оның ішкі күйін сезіну және психологиялық қолдау көрсету – ем процесінің ажырамас бөлігі.
Гинекология бөлімінде жұмыс істеу – кәсіби ғана емес, адами дайындықты да қажет етеді. Әйел адамның денсаулығы – тұтас ұрпақтың саулығы. Мұнда біз тек инемен немесе дәрімен жұмыс істемейміз, әйелдердің жан күйіне, психологиялық жай-күйіне де үлкен мән береміз. Әрбір сөзің – ем болуы мүмкін, – дейді медбике.
Камшаттың айтуынша, кейде әйелдер ауруханаға тек физикалық емес, жан жарасымен де келеді. Ондай сәтте жай ғана назар аудару, жылы сөз айту, түсіністікпен қарау – аса маңызды. Өйткені нәзік жанды пациенттер үшін мейірім мен сенім – басты ем.
Бала көтере алмай жүрген әйелдер, денсаулығына алаңдап келген аналар көп. Олар өз уайымымен жалғыз қалғандай сезінеді. Біз сол уақытта кәсіби маман ғана емес, тірек бола алатын жақын жанға айналуға тиіспіз, – дейді ол.
Камшат Тәжібекқызы үшін күнделікті жұмыс – жай ғана кәсіби міндет емес, жүрек қалауынан туған ізгі әрекет. Таңғы ақшамнан бастап күн ұясына батқанша ол перзентханадағы әр әйелдің жан ауырсынуын жеңілдетіп, аналық қуанышын бөлісуге тырысады. Оның әрбір қадамы, әрбір қамқорлығы – әйел денсаулығын нығайтуға бағытталған, ал бұл өз кезегінде ұлттың болашағына қосылған сүбелі үлес.
Мемлекеттік қолдау – маңызды серпін
Камшат Тәжібекқызының айтуынша, соңғы жылдары мейіргер мамандарға деген көзқарас едәуір өзгерген. Бұрын медбике тек дәрігердің көмекшісі ретінде қабылданса, қазір бұл мамандықтың маңызы тереңірек түсінілуде.
Мемлекет тарапынан жалақы өсті, жұмыс жағдайы жақсарды. Бұрын біз көбінесе көлеңкеде жүретінбіз, қазір бізбен санасады. Бұл – үлкен стимул, – дейді ол.
Шынымен де, соңғы жылдары медбикелерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау нақты нәтижесін беруде. 2023 жылдан бастап олардың жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды. Бұл – тек материалдық қолдау ғана емес, мамандықтың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Соңғы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі медбикелердің кәсіби біліктілігін арттыруды жүйелі түрде жолға қойып келеді. Түрлі оқыту курстары, семинарлар мен тәжірибелік тренингтер жиі ұйымдастырылып, медбикелердің білімін үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істеу дағдылары да үздіксіз жетілдірілуде. Бұл – медбикелердің кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеріп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Камшат Тәжібекқызы да бұл үрдістен қалыс қалып отырған жоқ. Ол тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жаңа технологияларды меңгеріп, алған білімін күнделікті тәжірибесінде ұтымды қолдана біледі.
Медицина – үнемі жаңарып отыратын сала. Біз де соған сай дамып, өзімізді жетілдіріп отырмасақ, науқасқа сапалы көмек көрсете алмаймыз. Қазір бұрынғыдай емес, аппараттар да, емдеу тәсілдері де өзгерді. Сондықтан үйренуден жалықпау керек, – дейді Камшат Тәжібекқызы.
Оның бұл ұстанымы – заманауи медбикенің бейнесін айқындай түседі. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби дамуға ұмтылатын мұндай мамандар денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы шебінде жүреді.
"Рақмет" деген бір ауыз сөз – мен үшін ең үлкен марапат"
Камшат Тәжібекқызы – өз ісіне берілген, жаны жайсаң медицина қызметкері. Ол үшін атақ та, абырой да, тіпті мадақтау қағаздары мен төсбелгілер де бірінші орында емес. Ең бастысы – науқастың амандығы, жазылып, үйіне шат-шадыман күйде оралуы. Ол өзі үшін ең үлкен марапат – пациенттің жүрекжарды алғысы екенін айтады.
Мен ешқашан марапатқа жұмыс істеген емеспін. Бір ауыз "Рақмет" – мен үшін бәрінен қымбат. Сол сөзде жан жылуы, адам тағдыры жатыр. Кейде ұзақ күндер мен түндерді науқастың қасында өткізіп, оны аман алып қалған кезде шаршағанымды ұмытып кетемін. Бірде бір науқасым көзіме қарап: "Сіз болмағанда, мен бұл жерге қайта оралмас едім" – деді. Сол сәтте көзіме жас келді. Іштей бұл жолды бекер таңдамағаныма тағы да бір мәрте көз жеткіздім, – дейді Камшат Тәжібекқызы толқи отырып.
Оның айтуынша, медицина – тек ғылым мен тәжірибеге емес, жүрек пен мейірімге сүйенетін сала. Әрбір науқастың тағдыры – дәрігер үшін үлкен жауапкершілік. Сол себепті ол әр науқасты өз туысындай қабылдап, қолдан келген көмектің бәрін көрсетуге тырысады.
Кейде науқастардан көретін алғыс сөздер мен ризашылық көзқарас бүкіл шаршағаныңды жуып кетеді. Бірі "Сіз менің өмірімді сақтап қалдыңыз" десе, екіншісі "Ұлымды қайтадан қолыма алып кеттім" деп қуанады. Осындай сәттерде бұл мамандықтың қаншалықты киелі екенін терең түсінесің, - дейді медбике.
Камшат Тәжібекқызының өмірлік ұстанымы – адамға үміт сыйлау. Ол үшін әрбір пациент – тек денсаулығы сыр берген адам емес, бір отбасының үміті, бір баланың анасы не әкесі, бір адамның жары. Сондықтан да ол өз жұмысында жай ғана кәсіби міндетін атқарып қоймай, әр адамның жан жарасына да шипа беруге тырысады.
Кейде шипа дәріде емес, жылы сөз бен мейірімде жатады. Науқасқа "бәрі жақсы болады" деп сеніммен айтқан сөз – оның жүрегіне үміт отын жағуы мүмкін. Дәрігер – тек емдеуші емес, рухани тірек бола білуі де керек, – дейді ол.
Камшат Тәжібекқызы – тек маман емес, жүрегі мейірімге толы жан. Ол үшін әр күн – тағы бір өмірді құтқарып қалуға берілген мүмкіндік. Сол жолда ол ешқашан аянып қалған емес.
Үнсіз ерлік иелері
Бүгінде медбикелік қызметтің қоғамдағы рөлі артып келеді. Бұрынғыдай тек дәрігердің көмекшісі ретінде қарау түсінігі біртіндеп өзгеруде. Қазір медбикелер – дербес шешім қабылдай алатын, заманауи медициналық біліммен қаруланған, науқас күтімінде басты рөл атқаратын кәсіби тұлғалар.
Мемлекет тарапынан да медбикелерге деген қолдау артып отыр. Соңғы жылдары жалақының кезең-кезеңімен өсуі, біліктілікті арттыруға арналған курстар, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жұмыс орындары – осының айғағы. Бұл тек материалдық қолдау ғана емес, адам өміріне араша болып жүрген жандардың еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Камшат Тәжібекқызы сынды қарапайым, бірақ шын жанашыр медбикелер – үлкен өзгерістердің іргетасын қалаушылар. Олар күнделікті қызметінде жүздеген тағдырға әсер етеді. Әрбір жылы сөзі, уақытында жасаған күтімі, үміт ұялатар күлкісі кейде ең мықты дәріден де артық шипа беріп жатады.
Олар – ақ халатты абзал жандар ғана емес, ұлт саулығы жолындағы шын батырлар. Көзге көп көріне бермейтін еңбегімен, өз міндетін мінсіз атқаруға деген ұмтылысымен олар қоғамдағы нағыз құрметке лайық.
Осындай жандар арқылы ел медицинасының болашағы жарқын, келешегі нық болмақ. Камшат Тәжібекқызы – бір ғана адамның тағдырын емес, бүтін бір қоғамның сенімін арқалаған маман. Оның бойындағы қарапайымдылық пен кәсіби шеберлік, мейірім мен жанашырлық – бүгінгі заман медицинасында ең қажет қасиеттердің жиынтығы.