Аптап ыстық. Жедел-жәрдем стансасына бір күнде 900-ден астам шақырту түсті

17 Маусым 2024, 19:32
549
Бөлісу:
Аптап ыстық. Жедел-жәрдем стансасына бір күнде 900-ден астам шақырту түсті
Фото: -архив

Павлодар облысында жедел-жәрдем стансасы дәрігерлерінің көмегіне жүгінгендердің саны күрт өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бұл құбылыс ыстық ауа райына байланысты туындады. Бұған дейін дәрігерлер бір тәулікте 650-700 шақырту қабылдаса, қазіргі уақытта қоңыраулар саны 900-ден асып жығылды. Ақ желеңділердің көмегіне жүгінетіндердін дені созылмалы ауруларға шалдыққан азаматтар болып шықты.

Облыстық жедел-жәрдем стансасы директорының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, қазіргі уақытта қан қысымы көтерілуден зардап шегетін науқастардың саны көбейді.

Соңғы бірнеше күнде есінен танып, құлаған павлодарлықтар саны ұлғайды. Шақыртулар адам көп жүретін қоғамдық орындардан түсіп жатыр. Жастар да, кәрілер де хабарласып жатыр. Павлодар облысының тұрғындарына аптап ыстықта мүмкіндігінше аз шығуға тырысуға кеңес береміз. Далаға шығарда ішетін су, бас киім алып жүрген жөн. Ашық түсті киімге назар аударған абзал. Жалпы, жеке бастың қауіпсіздігі туралы ұмытпау керек, - дейді Ирина Мищенко.

Мамандардың хабаралуынша, жол апаттарына байланысты шақыртулар саны да ұлғайып жатыр. Мәселен, бір күнде дәрігерлер бригадасы төрт апат орнына шықты. Скутерден құлау, жеңіл көліктердің соқтығысуы, адамды соғып кету сияқты оқиғалар жиіледі.

Шомылу маусымы басталмай жатып суға кету деректері де тіркеліп жатыр. Демалыс күні Усолка өзенінен шақырту түсті. Өкінішке қарай, 20 жасар жігіт суға батып кетті. Оның денесін құтқарушылар сыртқа шығарды. Дәрігерлер биологиялық өлімді тіркеді, - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы