Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы алапат ыстықтың егінге әсері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маусымда ауа температурасы өте жоғары болғаны белгілі, тіпті осы кезеңдегі орташа жылдық нормадан да асып түсті. Дегенмен, «Қазгидромет» негізгі егін егетін өңірлерде жауын-шашын болады деп болжап отыр. Жауынның болатынына сенеміз. Биыл біз белгіленген мерзімде көктемгі егін жұмысын аяқтадық, одан соң ылғалдылық жоғары болды. Бұл егістікке де қатысты, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол малды жем-шөппен қамтамасыз етуге қатысты қабылданған шараларға да тоқталды.
Малды жайылым жер және жем-шөппен қамтамасыз етуге келер болсақ, 2021 жылғы әсіресе батыс өңірлердегі проблеманы әлі ұмытқан жоқпыз. Сол проблемаларды ескере келе, жем-шөп саласында "Жол картасын" әзірледік. Соның аясында былтыр жемдік алқапқа егін егуді 100 мың гектарға ұлғайттық. Оның үстіне, егін де 300 мың гектарға артық жиналды. Былтыр біз 235 мың тонна жем қорын жинадық. Қажет болған жағдайда, соны қолданамыз. Оның үстіне, барлық өңірде жемге 11,6 млрд субсидия қарастырылған. Сондай-ақ біз жем дайындау үшін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету бастамасын алға қойдық, - деді Ербол Қарашөкеев.