Аптап ыстық егінге қауіп төндіре ме? – Министрлік жауап берді

Министрлік аптап ыстыққа қарамастан, суармалы алқаптарда су тапшылығы жоқ екенін және өнімнен жаппай айырылу қаупі байқалмайтынын мәлімдеді.

 istockphoto.com 14 Шілде 2026, 13:31
14 Шілде 2026, 13:31
200
Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкіметте өткен брифингте аптап ыстықтың егінге әсеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол қатты ыстыққа қарамастан, егістікті суаруға байланысты ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.

Суармалы жерлердің негізгі бөлігі орналасқан оңтүстік өңірлерде су жеткізу бойынша ешқандай қиындық жоқ. Су белгіленген кестеге және әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жасалған су пайдалану келісімшарттарына сәйкес беріліп жатыр. Сондықтан суармалы алқаптардағы өнімге алаңдауға негіз жоқ, – деді вице-министр. 

Вице-министр сондай-ақ министрлік мамандары астық егілетін барлық өңірді аралап шыққанын айтты.

Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жауған жаңбыр құрғақшылықтың салдарын айтарлықтай жеңілдетті. Сондықтан егістіктің 96%-ының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Қурап қалған егіс алқаптары жоқтың қасы. Ақмола облысының бір бөлігі мен Қарағанды облысында құрғақшылық байқалады, ол жақтағы жағдайды бақылап отырмыз. Нақты қорытынды егін жинау науқаны жақындағанда белгілі болады. Сонымен қатар фермерлер мұндай жағдайға алдын ала дайындалды. Құрғақшылыққа төзімді тұқымдар пайдаланылып, өсімдіктердің қарқынды өсу кезеңінде жақсы қоректенуі үшін минералды тыңайтқыштар кеңінен қолданылды. Қазіргі уақытта өнімнің елеулі бөлігін жоғалтып алу қаупі жоқ, – деп түйіндеді Азат Сұлтанов.

Еске салайық, бұған дейін жасанды жаңбыр жауғызу қай өңірде іске асқаны айтылды

Наверх