Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрақты негізде халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қатардың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының шақыруымен ағымдағы жылдың 26-27 қарашасында Доха қаласында Төраға Асхат Жұмағали бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет делегациясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің жемқорлыққа қарсы органдарының Екінші министрлік кездесуіне қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ислам әлемінің жемқорлыққа қарсы ведомстволарының өкілдері, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылау және ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын, заңнамалық бастамаларды іске асыру, алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларды қолдану, цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде «ақшаны бояу», қылмыстық активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық тәжірибесін таныстырды.
Іс-шара аясында Иордания, Сауд Арабиясы және Қатардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізілді.
Иордания Хашимит Корольдігінің адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының төрағасы Муханнад Хиджазимен екіжақты кездесу барысында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат Қазақстан мен Иорданияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдары арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайту, озық тәжірибелермен алмасу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралдарын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс үшін негіз болады.
Сауд Арабиясы Корольдігінің сыбайлас жемқорлықты қадағалау және оған қарсы іс-қимыл басқармасының Президенті Мазин бин Ибрагим Әл-Кахмуспен келіссөздер барысында мемлекеттік басқару саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды.
Бірлескен меморандумға қол қою үшін келесі жылдың көктемінде Сауд Арабиясы Корольдігі әріптестерінің Астанаға сапары жоспарланған.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның ректоры Слагана Тасевамен кездесу өтті.
Тараптар Агенттік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарын өткізуге, оларды Академияда оқытуға, жобаларды пысықтау және іске асыру кезінде халықаралық сарапшыларды тартуға қатысты пікір алмасты.
Сондай-ақ Қатардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство, ІІМ, Әділетминистрлігі және БП) басшыларымен бірқатар кездесулер өтті.
Қатардың әкімшілік бақылау және Ашықтық басқармасының президенті Хамад бин Насер Әл-Мисснедпен келіссөздерде тараптар одан әрі ынтымақтастық, оның ішінде алдын алу, цифрландыру, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы, оқыту, жемқорлыққа қарсы озық шараларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қатардың Мемлекеттік Ішкі істер министрі шейх Абдулазиз бин Файзал бин Мұхаммед Әл-Танимен кездесуде қылмыстық қудалау және бірлескен жобаларды іске асыру аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері айтылды.
Бас прокурордың орынбасары Мұхаммед Рашид Әл-Бинали және әділет министрінің орынбасары Сұлтан Абдулла әл-Суэйди мырзамен өзара құқықтық көмек, қылмыстық активтерді қайтару және басқа да тақырыптарды қоса алғанда, көптеген мәселелер қаралды.
ИЫҰ шеңберіндегі халықаралық өзара іс-қимыл Қазақстанның Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жұмысындағы маңызды бағыты болып қала береді.
Ынтымақтастық халықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени ортаның ортақ құндылықтары мен ерекшеліктерін бөлісетін осы ұйымға қатысушылар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.