Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, ол әйелін соққыға жықты деп айыпталған.
Informburo.kz сайты атап өткендей, сот материалдарына сәйкес былтырғы жылдың желтоқсанында Рахат Тұрлыханов үйінде жанжал шығарып, әйелін ұрып-соққаны анықталды. Сот барысында ол кінәсін толық мойындаған. Өз ісіне өкінетінін айтқан ол екі тараптың келісімге келгенін алға тартып, істің тергелуін тоқтатуды сұраған.
Оның әйелі сот материалдарындағы деректерді растап, күйеуін кешіргенін айтты. Сот қаулысымен ол Әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ескерту түрінде жазаға тартылды, – делінген хабарламада.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енбеді. Алғаш рет өткен жылдың қазан айында Тұрлыханов жұбайын ұрып-соққаны үшін әкімшілік іс қозғалған болатын, бірақ екі жақтың татуласуына байланысты сот істі жүргізуді тоқтатты.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов – Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың жиені. Депутаттың ұлы Нұрасыл Болат қазан айында ерлі-зайыпты Анна Димитриевич пен Олег Черновты ұрғаны үшін 500 АЕК (1 млн 725 мың теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді. Сол кезде ауыр соққы алған Черновтың қабырғасы сынған болатын.
Бұдан бөлек Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы - 30 жастағы Әкежан да бойжеткенді ұрды деп айыпталды. Зардап шеккен қыз өзінің Instagram-дағы парақшасында видео жариялады. Онда ер адамның оны қалай ұрып-соғып, итеріп жібергенін көруге болады. Бұл оқиғаға Дәулет Тұрлыханов түсініктеме берген болатын.
Әкежан – ересек адам. Өздері шешімін табады. Бәлкім, олар бір-бірін қатты жақсы көретін шығар, - деді ол.
Өз сөзінде мәжілісмен әйелдерге ешқашан қол жұмсамағанын айтты. Мәжіліске келгенге дейін Дәулет Тұрлыханов грек-рим күресімен айналысқан.