"Коронавирустан емес, аштан өлеміз" деген әнші Бүркітке министр кеңесін айтты

24 Сәуір 2020, 16:16
31266
Бөлісу:
"Коронавирустан емес, аштан өлеміз" деген әнші Бүркітке министр кеңесін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында көпшілікке Бүркіт лақап атымен танымал әнші Айбек Жансейітов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған болатын. Бүгін оған ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге Қазақстан азаматтарының атынан үндеу жолдаймын. Елімізде карантин енгізілген бір айдан астам уақыт ішінде медициналық қызметтер адамнан вирусты анықтай алатын жағдайға жеткен болса керек. Біз қаланың әртүрлі ауданына барып, тұрғындарға азық-түлік алып беріп жатырмыз. Алайда, өкінішке қарай, бәріне көмектесе алмаймыз. Біз тұрмысы төмен отбасылардағы жағдайды көріп отырмыз, өте аянышты жағдайда, - деп әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдаған болатын әнші.

Оның айтуынша, қазіргі кезде такси жүргізушілері, тазалықшылар, даяшылар, базарда жұмыс істеп келгендер күнделікті ас-суын таба алмай қалды. 

Бұған бей-жай қарауға болмайды. Сол себепті, карантин режимін жеңілдетіп, бірқатар компаниялар мен мекемелерге санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беруді сұраймын. Бұл азаматтардың жағдайын жеңілдетеді. Олай болмаған жағдайда, адамдар коронавирустан емес, аштықтан өледі! Бұл бейбіт заманда тіпті қиын болмақ. Осыны назарға алуыңызды сұраймын. Сізге зор денсаулық пен табыс тілеймін!, - деді Бүркіт видеоүндеуінде.

Ал бүгін орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәжілісін өткізген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тілшілердің бірі әншінің үндеуін айтып, сауал жолдаған болатын.

Бүгінгі таңда біздің министрлікке мұндай шағым түскен жоқ. Әрине, мемлекет әртүрлі саладағы қызметкерлерге, сондай-ақ әртістерге және туризм саласына төтенше жағдайға байланысты жеңілдіктер мен қолдау жасап көмектесіп жатыр. Сондықтан мәдениет саласының мамандары, әртістеріміз егер күнделікті табыстарынан айырылып жатса, мемлекеттің әртүрлі жеңілдіктеріне, жәрдемақыларына қатысуына болады, - дейді Ақтоты Райымқұлова.


Өзгелердің жаңалығы