Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың болашағы үшін маңызды кездесу өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Кореяның Мультипликациялық фильмдерді насихаттау агенттігі "Balapan" телеарнасы жанынан ашылған анимациялық мектептің жұмысына байланысты бірқатар мәселені талқылады, деп жазды Facebook-тегі парақшасында телеарна директоры Мақпал Жұмабай.
Корей агенттігінің президенті Шин Джонг Чоль мырза ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анимацияға баулу бұл мемлекетте осыдан 10 жыл бұрын қолға алынғанын, бүгінде ел аумағында осындай 11 әлеуметтік орталық бар екенін айтты. Осы жолдағы тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді. Өз тарапымнан қазақстандық анимация туралы жан-жақты ақпарат бердім. Жиында алдағы уақытта атқарылатын бірлескен жұмыстар мен іс-тәжірибе алмасу жайы да пысықталды. Осылайша бұл отандық анимациямыз үшін де өзекті кездесу болды, - деп жазды ол.
Әлеуметтік анимациялық мектептің жұмысына Корея мен Жапония мемлекеттерінің білікті мамандары да атсалысады.
Осы ретте телеарнамыздың жанынан мектеп ашуға себепкер болған министр Айда Балаева ханымға, корпорация төрайымы Ләззат Мұратқызына, Қазақстанның Корея мен Жапониядағы елшіліктеріне зор алғыс білдіргім келеді. Мектебіміздің жұмысы бүгін басталады. Алғашқы топқа 30 бала қабылданды! Арнайы оқу бағдарламасын әзірлеп, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап отырған еліміздің озық мультипликатор мамандарына да рахмет айтқым келеді. Мектеп жұмысын жүйелеу үшін алдағы уақытта кешенді жұмыстар бастайтынымызды да қуанышпен жеткізгім келеді, - деп жазды Мақпал Жұмабай.