Англияда мектеп формасына жаңа талап енгізіледі

12 Тамыз 2026, 12:33
АВТОР
 smapse.livejournal.com 12 Тамыз 2026, 12:33
12 Тамыз 2026, 12:33
106
Фото: smapse.livejournal.com

Англияда 1 қыркүйектен бастап мектеп формасына қатысты жаңа талап күшіне енеді. Енді мектептер ата-аналардан мектеп логотипі бар үштен артық киімді міндетті түрде сатып алуды талап ете алмайды. Орта және жоғары сыныптарда галстук осы киімдердің бірі болса, төрт затқа дейін талап етуге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа талап 2026-2027 оқу жылында сол мектепте оқуын жалғастыратын оқушыларға да, басқа мектепке жаңадан қабылданатындарға да қатысты.

Мектеп формасы қалай өзгереді?

MSE News мәліметінше, жаңа ереже мектептердегі міндетті мектеп логотипі бар киімдердің санын азайтуға бағытталған. Оларға пиджак, джемпер және спорттық киім сияқты заттар жатады.

Үкіметтің бағалауынша, бұл өзгеріс кей отбасыларға әр балаға жылына 50 фунтқа дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мектептерге эмблемасы бар міндетті киімдердің санын азайту бұған дейін де ұсынылған. Сондықтан көптеген оқу орны жаңа талапқа қазірдің өзінде сай келеді. Дегенмен мектептердің шамамен төрттен бірі жаңа ереже күшіне енгенге дейін форма саясатына өзгеріс енгізуі керек.

Бір мектепте форма шығыны екі есеге жуық азаяды

MSE News зерттеуінше, Манчестердегі Co-op Academy Belle Vue мектебі міндетті түрде сатып алынатын мектеп логотипі бар киімдердің санын жетіден үшке дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Орта мектеп оқушылары үшін оған галстук қосылады.

Мектептің мәліметінше, былтыр логотипі бар формаға сарафанды қоса есептегенде ата-аналар орта есеппен 64 мың теңге (101,94 фунт), ал сарафансыз 53 мың теңге ( 83,95 фунт) жұмсаған. Биыл жаңа талаптан кейін бұл шығын 34 мың теңгеге дейін ( 53,97 фунт) төмендейді деп күтіліп отыр.

Мектеп эмблемасы бар пиджак, сарафан, күнделікті киюге арналған қысқа шалбар және дене шынықтыру киімінен бас тартпақ.Бұған дейін әр сыныпқа арналған жемпірдің түсі әртүрлі болған. Енді мектеп барлық сыныпқа бірдей түсті жемпір енгізеді. Сондықтан ата-аналар баласы сынып ауыстырған сайын жаңа жемпір сатып алмайды.

Енді ата-аналар мектеп логотипі бар жемпір, галстук және жазғы әрі қысқы дене шынықтыруға арналған екі жейде сатып алуы керек.

Мектепте үш баласы оқитын Линда Убавикенің айтуынша, биыл оның мектеп формасына жұмсайтын шығыны 42 200 теңгеге (70 фунт) азайған. Оның сөзінше, енді форманың көп бөлігін жергілікті супермаркеттен сатып алуға болады.

Осылайша, Англияда 1 қыркүйектен бастап енгізілетін жаңа талап мектеп формасын жоюды көздемейді. Негізгі мақсат – ата-аналарды мектептің арнайы киімдерін көп мөлшерде және қымбат бағаға сатып алуға міндеттемеу.

Дегенмен әр мектеп оқушылардың киіміне қойылатын талаптарды өзі белгілейтіндіктен, ата-аналардың мектеп формасына жұмсайтын қаражаты да әртүрлі болуы мүмкін.

Ал Қазақстанда оқушылардың мектепке қажетті заттарын алуға қаржылай қолдау көрсетіледі. 2026 жылы мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алуға жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бір балаға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларына беріледі. Сондай-ақ мектептің Қамқоршылық кеңесі айқындаған өзге де санаттағы оқушылар материалдық көмек ала алады.

Нұрай Зинелова

Наверх