Анасынан айырылған 7 балаға халық баспана әперді

Бөлісу:
Анасынан айырылған 7 балаға халық баспана әперді
VIDEO
Фото: Видеодан скрин

Журналист Гүлмира Әбіқай Шымкентте анасынан айырылған жеті бала енді өз үйлерінде тұратынын айтып, сүйінші жаңалық жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 


Журналист жақсы жаңалықты Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Гүлмира Әбіқай 7 балаға арналған баспананы көрсетіп, пәтер жайлы екенін айтты. Оның айтуына қарағанда, сатып алу келісімшартында кенже бала 18 жасқа толғанша ешкім үйді сата алмайды.

Айлардың сұлтаны оразада тағы бір қайырымды істі артқа тастадық. Екі апта бұрын кенеттен панасыз қалған 7 бала көмек сұраған еді. Анасы белгісіз жағдайда 3-ші қабаттан секіріп қайтыс болды. Әкесі бұл өлімге күдікті деп қамалды. Баланың үлкені 20 жаста, ал кішісі 2 жаста, - деп айтты ол.

Сөйтіп кәмелетке толмаған 5 бауыр мемлекет қарауына өткен. 

Тарыдай шашыраған 7 баланың басы қосылу үшін үй қажет. Осы жайлы жазғаным сол екен, 2 тәулікте жетерлік қаражат жиналды. Шымкент ортасынан 3 бөлмелі пәтер сатып алып, ересек қызға рәсімдедік. 5 бауырдың басын қосып, бәрі әпкесінің қамқорлығына өтті. Қала орталығы, жайлы аудан, жаңа үй. Аулада 6 мектеп, 4 балабақша бар. Балалар еш кедергісіз мектеп, балабақшаға орналасатын болды, - деп жазды журналист.

Бұл мәселені Шымкент Білім басқармасы өзі қадағалайды. Тегін ұсынылған 40-тан аса үйірмеден қалағанын таңдайды.
Екі әпкесі де 6 жастан жұмыс істеп үйренген, шаруа таңдамайды. Бірі даяшы, бірі тігінші.

Жанашыр оқырманым балалардың бәрін үйге қажетті киімдермен қамтыды. Жандос есімді оқырманым отбасын көшіру, тасуға көмектесіп, бір жылға электрлік, сантехникалық тегін қызмет ұсынды. Бүгінгі жаңалық осы, өзімнің арқамнан жүк түсіп жеңілдедім жетім көріп жебеген баршаңызға мың алғыс. Ана баладан, бала анадан ажырамасын! – деді ол.

Үйдің үлкен қыздары халыққа көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Қуанып отырмыз. Баспаналы болдық. Бауырларымызды қасымызға алдық. Сіздердің арқаларыңызды үйлі болып жатырмыз. Бірақ қасымызда анамыз жоқ, анамыз қасымызда болғанда бәрі жақсы болар еді. Үй өте әдемі, кең. Анамыз осындай үйде тұрсақ деп армандайтын еді, - деп жанашырлық танытқан халыққа ризашылығын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы