«Ана тілі туралы» заң. Депутат назар аударуды қажет ететін 5 мәселені атады

30 Наурыз 2021, 11:28
2998
Бөлісу:
«Ана тілі туралы» заң. Депутат назар аударуды қажет ететін 5 мәселені атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдау кезінде Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов назар аудару қажет 5 мәселені атады.

Оның сөзінше, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп. Оларды іріктеп, бес бағытта қарау қажет екеніне тоқталды.

Бірінші құндылықты «Тәуелсіздік және тарихи таным» деп атағанды жөн көрдік. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту ұлттық бірігуге ықпал етеді, ұлттық сананың биіктігін көрсетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнамалар жобасы жетілдірілді. Бұл ұлттық құндылықтарымыздың Тәуелсіздік ұғымымен пара-пар екенін көрсетеді. 

Қазақстанның жаңа тарихын жазуды ғылыми жоба ретінде емес, мемлекеттік ұлттық бағдарлама ретінде іске асырған жөн. Ол үшін ел Үкіметі Қазақстанның көп томдық ұлттық тарихы туралы арнайы қаулы қабылдап, бюджеттік қаржыландыру көздері нақтыланғаны дұрыс болады. Кітап авторларының құрамы да Үкімет қаулысымен бекітілсе, дұрыс болар еді, - деді ол.

Екінші құндылық – ол «Ел мен жер». Қазақтың жері қасиетті. Осындай ұлан-ғайыр ұлы даланы бабаларымыз бізге аманат етіп кетті. Мәңгілік мемлекеттің белгісі – жер мен ел.

Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржолата тыйым салуды көздейтін заң жобасын Президент Парламентке жолдады. Түйткілді мәселелердің түйінін Жер кодексі аясында шеше аламыз, - деп түсіндірді Бақытжан Жұмағұлов.

Үшінші құндылық – «Тіл, әдебиет және имандылық». Тіл мен әдебиет ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы.

Тілді қорғау – ұлтты қорғау. Ана тілі - ұлт жүрегі, ұлт тірегі. Тіл болашағы – ұлт болашағы. Әлемде қаншама тіл жоғалып кетті, қаншама тіл жоғалу алдында тұр. UNESCO-ның мәліметінше, 2100 жылға дейін әлемнің 7 мыңға жуық тіл жойылады. Сондықтан Ата заңымызға қолданыстағы «Тілдер туралы» заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» заң қабылдау қажет, - деді ол.

Имандылық бар жерде адами құндылықтар да сақталады.

Төртінші құндылық – «Ұлттық дәстүр және отбасы». Отбасы мен қоғам бірлікте жұмыс істегенде ғана ұлтжанды, өз халқын сүйетін ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Статистика бойынша Қазақстанда тіркелген некенің 40%-дан астамы ажырасумен аяқталады. Жетім баланың, тастанды балалардың, балалар үйіндегі балалардың тағдырлары да, олардың ертеңі де алаңдатады. Бұл отбасылық тәрбиеге келіп тіреледі. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі, - деп атады комитет мүшесі Сенатта.

Сонымен қатар қоғамды үрей мен қорқыныш тудырып отырған педофилия, суицид, қатыгездік сияқты мәселелер адамды да, қоғамды да алаңдатып отыр. Елімізде соңғы үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 2,5 есеге өскен. 

Осы ретте депутат арнайы «Отбасы институты туралы» заң қабылдауды ұсынды.

Бесінші құндылық – білім мен біліктілік. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасады.

2024 жылдан бастап 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеміз. Осыған орай, қоғамдық педагогикалық талқылаудан өткен ұлттық оқу бағдарламалары қайта жасалады. Осы сындарлы кезді пайдаланып, оқу бағдарламаларына ұлттық құндылықтарды енгізген жөн, - деп есептейді депутат Бақытжан Жұмағұлов.

Осы орайда депутат «Білім және ғылым» кодексін қабылдауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы