Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ана мен нәресте өлімі қай өңірлерде жоғары?

Олжас АДАЙ
5 Тамыз 2025, 12:42
1708
Бөлісу:
 - архив/ Бауыржан Жуасбаев
Фото: - архив/ Бауыржан Жуасбаев

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ана мен бала өлімі бойынша бірқатар өңірде жағдайдың ушығып тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жүйелі түрде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 6 өңірде (Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе, Қостанай облыстарында) ана өлімінің өсуі байқалады. Ақмола облысында ең жоғары көрсеткіш, республикалық көрсеткіштен 7 есе (10,8) жоғары, – деді министр.

Ана өлімінің құрылымдық себептеріне де тоқталды.

Құрылымы бойынша ана өлімінің басым себептері: ауыр экстрагенитальды аурулар – 55% (10 жағдай) және акушерлік жағдайлар – 45% (8 жағдай), – деді ол.

Әлназарованың айтуынша, әрбір өлім жағдайы бойынша терең сараптама жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ана өлімінің әрбір жағдайына ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының барлық бейіндегі мамандары жан-жақты сараптама жүргізеді, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр мәлімдегендей, нәресте өлімі бойынша да бірқатар өңірде көрсеткіш жоғары.

Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында нәресте өлімі көрсеткіші жоғары. Нәресте өлімі себептерінің құрылымында бірінші орында перинаталдық кезеңдегі жағдай (47,7%), одан кейін туа біткен ақаулар (19,6%) және тыныс алу ағзаларының аурулары (7,6%) тұр, – деді министр.

Бұдан бөлек, үй жағдайында тіркелген өлім-жітім мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді.

Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайында тіркелген өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары, – деді министр.

Осыған байланысты министр өңір әкімдеріне нақты ұсыныс жасады.

Осыған орай, медициналық ұйымдарды бейінді мамандармен жасақтауға, біліктілігін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жүктілер мен балаларды облыс орталығына жеткізетін көлік бөлуге және осал топтағы фертилдік жастағы әйелдерді контрацептивтік заттармен қамтамасыз етуге әкімдерден жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды сұраймыз, – деді Ақмарал Әлназарова.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі ауылдағы кадр тапшылығын шешу тетіктеріне тоқталып, ауылды жерлерге баратын дәрігерлерге жеңілдетілген кредит берілетіні жайлы айтты. 

Сондай-ақ, Үкімет отырысында министр Ақмарал Әлназарова ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты.

Өзгелердің жаңалығы