Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының мәліметінше, 2023 жылы МӘМС қаражатынан Астана қаласы бойынша ЭКҰ ем-шарасын жүзеге асыруға 2,3 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
МӘМС аясында ЭКҰ рәсіміне квота алу процесі айтарлықтай жеңілдеді. 2023 жылы Астана қаласы бойынша 554 квота бөлінді.
Жүктілікті бақылау және скринингтер
2023 жылы Астана қаласында тұратын 15 жеңілдік санатына кіретін жүкті әйелдерге МӘМС есебінен 2 млн медициналық қызмет түрлері көрсетілді. Оған: зертханалық, диагностикалық зерттеулер, скринингтер және басқа да қажетті медициналық қызметтер кіреді. Жалпы МӘМС жүйесі бойынша қаржы сомасы 3,3 млрд теңгені құрады.
Бала туылу жағдайы
2023 жылы Астанада 43 мың әйелдің акушерлік бейіндегі тәулік бойғы стационарларда емделуіне 6,8 млрд теңге жұмсалды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
2023 жылы елордада фертильді жастағы 831 әйелге темір тапшылығы анемиясын емдеуге арналған препараттар берілді. Бұған 1,68 млн теңге жұмсалды. Айта кетейік, 2024 жылы МӘМС бойынша іштегі сәбидің туа біткен ақауларының алдын алу үшін дәрі-дәрмектерді қаржыландыруға 9,25 млн теңге қарастырылған.
Біз сөзге тартқан Астана қаласының тұрғыны Мөлдір Ыдырыс жүктіліктің 31-аптасында. МӘМС жүйесінде сақтандырылған, яғни 15 жеңілдік санатына кіретін жүкті жас ана өткен жылдың шілде айынан бастап есепке тұрып, зертханалық-диагностикалық тексерулерден тегін өтіп, басқа да барлық қажетті медициналық қызметтерді дер кезінде алатындықтан жүктілігі қалыпты өтіп жатқанын айтты.
Уақытылы скринингтен өту – ана мен бала денсаулығының кепілі. МӘМС аясында жүкті әйелдер 1-триместрде, 2- триместрде, 3- триместрде скринингтен өте алады. Сондай-ақ, МӘМС жүйесі енгізелгеннен кейін жүкті әйелдерді, тәуекелі жоғары жүкті әйелдерді бақылау бөлімшелерінде тексеру тізбесі кеңейді. Пациент үшін бұл тексерулердің бәрі, әрине, тегін болады, - дейді жоғары санатты акушер-гинеколог, №2 қалалық көпсалалы аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Жамантайқызы Ибраева.