Тоқаевтың инвестициялық дипломатиясы: Жеті жылда Қазақстанға $162 млрд тартылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басқарған кезеңіндегі сыртқы саясаттың көзге түсе бермейтін, бірақ экономика үшін аса маңызды бір ерекшелігі бар. Көбіміз оны білмейміз. Мемлекет басшысының шетелдік сапарларының едәуір бөлігі саяси келіссөздермен аяқталмайды. Президент барған елде ірі бизнес өкілдерімен жеке кездеседі, инвестициялық дөңгелек үстел өткізеді, нақты компанияларды Қазақстанға шақырады. Кейін сол келіссөздердің көбісі инвестициялық келісімге, зауытқа, электр станциясына, логистикалық орталыққа немесе нақты капитал ағынына айналған.
Қазақстанға соңғы жеті жылға жуық уақытта шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 162 млрд долларға жуықтады. Экономист, сарапшы Айбар Олжай мұны Мемлекет басшысының «инвестициялық дипломатиясының» нәтижесі ретінде бағалады.
Айбар Олжай Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту көрсеткіштеріне талдау жасап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезеңіндегі сыртқы саясаттың экономикалық қырына назар аударды.
Ол Ұлттық банктің 2026 жылғы 30 маусымда жаңартылған статистикасына сүйеніп, 2019-2025 жылдары Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны шамамен 155,8 млрд доллар болғанын, ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 6,3 млрд доллар тартылғанын атап өтті. Осылайша аталған кезеңдегі жалпы көлем шамамен 162,1 млрд долларды құрайды.
Бұл инвестициялық дипломатияның көзбен көріп, қолмен ұстай алатын жемісі, – деп жазды Айбар Олжай.
Инвестиция көлемі жыл сайын қалай өзгерді?
Сарапшы келтірген дерек бойынша, Қазақстанға тартылған шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны мынадай болған:
- 2019 жыл – 24,4 млрд доллар;
- 2020 жыл – 17,2 млрд доллар;
- 2021 жыл – 23,8 млрд доллар;
- 2022 жыл – 28,2 млрд доллар;
- 2023 жыл – 23,9 млрд доллар;
- 2024 жыл – 17,9 млрд доллар;
- 2025 жыл – 20,5 млрд доллар;
- 2026 жылдың І тоқсаны – 6,3 млрд доллар.
Осы көрсеткіштердің ішіндегі ең жоғары жылдық көлем 2022 жылы – 28,2 млрд доллар болған. Бұл көрсеткішті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де кейінгі жылдары бірнеше рет атап өткен. Мәселен, 2024 жылғы Қазақстан-Қатар инвестициялық дөңгелек үстелінде Мемлекет басшысы 2022 жылы Қазақстанға 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын айтқан.
Ұлттық банк ТШИ статистикасында капиталға қатысу құралдарымен қатар, борыштық міндеттемелер мен қайта инвестицияланған пайданы да есепке алады. Сондықтан бұл көрсеткішті «шетелден келген барлық инвестиция» емес, шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны ретінде түсіндірген жөн.
Президент сапарлары мен инвестиция: дипломатияның экономикалық нәтижесі
Айбар Олжайдың пікірінше, Тоқаев кезеңіндегі сыртқы саясаттың ерекшеліктерінің бірі – мемлекет басшысының шетелдік сапарларының экономикалық мазмұнының күшеюі.
Сарапшы Президенттің шетелге сапарлары барысында мемлекетаралық келіссөздермен қатар, ірі бизнес өкілдерімен кездесулер, инвестициялық дөңгелек үстелдер және нақты компаниялармен келіссөздер өткізілгенін атап өтті. Оның пайымынша, мұндай кездесулердің бір бөлігі кейін инвестициялық келісімдерге, өндірістік жобаларға, энергетика және логистика нысандарына ұласқан.
Бұл бағыттың нақты мысалдарының бірі ретінде Қазақстан-Қатар байланысын атауға болады.
Ресми мәлімет бойынша, Қатардан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 2023 жылы 8,9 млн доллар болса, 2024 жылы 156,4 млн долларға дейін өскен. Ал 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысында бұл көрсеткіш 1,167 млрд долларға жеткен.
Бұл кезеңде жоғары деңгейдегі кездесулер де жиілеген. 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатардың Power International Holding компаниясының басшыларымен кездесіп, энергетика, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты талқылаған.
Ал 2024 жылғы Дохадағы кездесулер барысында Қазақстан мен Қатар арасында жалпы сомасы шамамен 18 млрд доллар болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылған.
Қатарлық инвестициялардың өсуі кейін нақты жобалармен де толықты. Мәселен, екі ел арасындағы инвестициялық келісім аясында газ өңдеу зауыттары, газ құбырлары, электр станциялары және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.
Қытай, Корея, Түркия және басқа жаңа инвесторлар
Айбар Олжайдың айтуынша, инвестициялық дипломатияның тағы бір нәтижесі – Қазақстандағы капитал көздерінің географиясының кеңеюі.
Сарапшы Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Сауд Арабиясы, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттермен инвестициялық байланыстардың күшейгенін атап өтті.
Қытаймен қарым-қатынас та инвестициялық әріптестіктің стратегиялық бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қытайға мемлекеттік сапары кезінде өткен инвестициялық форумда бірқатар келісімдерге қол қойылғанын айтқан. Сол сапар барысында қытайлық инвесторлармен жалпы сомасы ондаған миллиард доллар болатын жобалар талқыланды.
Президенттің өзі Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыру кезінде елдің географиялық орналасуын, көлік-логистикалық мүмкіндіктерін, табиғи ресурстарын және Еуразия нарықтарына шығу мүмкіндігін негізгі артықшылықтардың бірі ретінде атап келеді.
«Ең қиын кезеңдердің өзінде инвестиция тарту қажет болды»
Айбар Олжай Қазақстан үшін бұл көрсеткіштерге әлемдік экономика күрделі кезеңдерді бастан өткерген уақытта қол жеткізілгенін атап өтті.
Оның сөзінше, Тоқаев президенттікке келгеннен кейінгі кезең пандемия, жаһандық инфляция, геосаяси шиеленістер, Ресейге салынған санкциялар және әлемдік капитал нарығындағы құбылмалылықпен тұспа-тұс келді.
Осындай жағдайда Қазақстан үшін инвестициялық ағынды сақтап қалу ғана емес, жаңа инвесторлар тарту маңызды міндетке айналды.
Сарапшының пікірінше, осы кезеңде Президенттің жеке дипломатиялық жұмысы, бизнес өкілдерімен кездесулері және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тікелей таныстыруы маңызды рөл атқарған.
Ол мұны «инвестициялық дипломатия» ұғымымен байланыстырады.
Инвесторлар географиясы өзгерді
Айбар Олжайдың пайымынша, соңғы жылдардағы маңызды нәтижелердің бірі – Қазақстанға инвестиция салатын елдер қатарында жаңа ойыншылардың пайда болуы.
Бұған дейін Қазақстанның негізгі инвесторлары арасында АҚШ пен Нидерланд сияқты дәстүрлі серіктестер басым болса, кейінгі кезеңде Қытай, Корея, Қатар, Сингапур және Парсы шығанағы елдерінің үлесі арта түсті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің 2025 жылдың алғашқы тоғыз айына қатысты дерегінде елдің негізгі инвесторлары қатарында Нидерланд, Қытай, Ресей, АҚШ, БАӘ, Катар, Швейцария, Корея, Бельгия және Германия аталған. Ведомство мұны капитал көздерінің әртараптандырылуының белгісі деп бағалаған.
Осы тұрғыдан алғанда, инвестиция көлемінің өзі ғана емес, инвесторлар географиясының өзгеруі де Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының маңызды нәтижелерінің бірі деуге болады.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның жаңа инвестициялық картасының қалыптасуы бір күнде келген нәтиже емес. Оның артында мемлекет басшысының шетелдік сапарлары, бизнес өкілдерімен кездесулері, инвестициялық келіссөздер және нақты жобаларды сүйемелдеу бойынша бірнеше жылдық жұмыс тұр.
Инвесторлар географиясы кеңейді. Осының артында жеті жыл талмай жүгірген еңбек жатыр, – деп түйіндеді Айбар Олжай.