Жылына 10 мың контейнерге дейін өндіретін боламыз – Қайырбек Өскенбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
Оның айтуынша, қазір әлем елдері жүктерді контейнерлеуге қарқынды көшуде.
Аталған бағытты іске асыру үшін министрлік «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тасымал нарығына мұқият талдау жүргізді. Экспорттық жүктерді контейнерлеудің болжамды көлемі және контейнерлерге қажеттілік айқындалды. Бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол қандай кәсіпорындар жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдіргеніне тоқталды.
Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары – АрселорМиттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD (УАЙДИДИ) өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірді. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда. Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланып отыр, - деді министр Өскенбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр отандық шығарушы операторларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіні туралы айтқан болатын.