13 Қараша 2026, 10:02 Фото: gov.kz

Жылу ақысы қалай есептеледі? Қарашада тұрғындарға неге көп төлем келіп жатыр?

Астанада тұрғындар қараша айындағы түбіртектерде көрсетілген жылу ақысына қатысты сұрақтар қойып жатыр. Осыған байланысты «Астана-Теплотранзит» АҚ жылыту мен ыстық сумен жабдықтау үшін төлемнің қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Елордада 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы 2 қазанда басталды. Сондықтан қараша айында ұсынылған түбіртектерде 2026 жылғы қазанда тұтынылған жылу энергиясы, яғни жылыту және ыстық сумен жабдықтау қызметтері үшін есептелген төлем көрсетілген.

Жылыту ақысы қалай есептеледі?

Жылыту үшін төлем мөлшері тұтынылған жылу энергиясының көлеміне, қолданыстағы тарифке және есептеу тәртібіне байланысты.

Егер көппәтерлі тұрғын үйде жалпыүйлік жылу есептегіші орнатылып, жарамды күйде жұмыс істеп тұрса, төлем оның көрсеткіштері негізінде есептеледі. Үй бойынша тұтынылған жылудың жалпы көлемі пәтерлер арасында олардың ауданына пропорционалды түрде бөлінеді.

Ал есептегіш болмаған, істен шыққан немесе оны салыстырып тексеру мерзімі өткен жағдайда төлем белгіленген тәртіппен, сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып есептеледі.

Компанияның түсіндіруінше, түбіртектегі сома ай сайын өзгеруі мүмкін. Бұған сыртқы ауа температурасы, ғимараттың ерекшеліктері және жылумен жабдықтау режимі әсер етеді.

Астанада жылудың тарифі қанша?

2026 жылғы 16 шілдеден бастап халық үшін жылу энергиясының тарифі 10 пайызға өсті. Жыл соңына дейін мынадай тарифтер қолданылады:

  • жалпыүйлік есептегіш бар болса – 1 Гкал үшін 4 061,11 теңге (ҚҚС-сыз);
  • есептегіш болмаса – 1 Гкал үшін 4 956 теңге (ҚҚС-сыз).

Бұл тарифтер қазан айында тұтынылған жылу үшін төлемді есептеу кезінде де қолданылады.

Түбіртекте төлем қалай көрсетіледі?

Бірыңғай төлем құжатындағы «Жылу энергиясы» бөлімінде «Жылыту» және «ЫСЖ» (ыстық сумен жабдықтау) қызметтері бойынша есептелген сомалар бөлек көрсетіледі. Ал олардың жалпы сомасы «Жылу энергиясы» жолында беріледі.

Түбіртектегі сомаға қатысты сұрақтар болса, қайда хабарласуға болады?

Тұрғындар есептелген төлемнің дұрыстығын тексеру үшін «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға жүгіне алады. Ол үшін үйдің мекенжайы мен дербес шот нөмірін ұсыну қажет.

Кәсіпорынмен мына байланыс арналары арқылы хабарласуға болады:

  • Байланыс орталығы: +7 (7172) 91-88-88;
  • WhatsApp: +7 708 091 88 88;
  • Telegram: @AstanaTTbot;
  • Instagram: @astana.teplotranzit. 

Еске салайық, биыл өңірлердегі жылу желілерін жөндеуге 796 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз:

Жылуға қатысты шағымдар көбейді: Бектенов әкімдерге тапсырма берді

Қазақстандықтардың жарық пен жылуға төлейтін ақысы тағы қымбаттай ма? Министр алдағы жоспарын айтты