Жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1 300-ден астам қызметкер жарақат алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов елімізде жыл сайын 1 300-ден аса азамат жарақат алатынын айтты.

2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 439 тексеру жүргізді, солардың барысында 7 260 бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 5 001, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 096, халықты жұмыспен қамту бойынша – 163.

Еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеуден (433 немесе 20,6%), қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйретпеуден (255 немесе 12,1%), жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеуден (129 немесе 6,1%), еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адамның болмауынан (31 немесе 1,5%) көрінді. Жұмыс берушілерге 2 614 ұйғарым беріліп, 182,2 млн теңге сомасына 1 090 айыппұл салынды, – деп айтты Төлеген Оспанқұлов.

Оның сөзінше, жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1 300-ден астам қызметкер жарақат алады, оның ішінде 200-ге жуығы қаза табады. Осы жылдың 4 айының өзінде еліміздің кәсіпорындарында 462 адам зардап шеккен, оның 59-і қайтыс болған.

Экономика салалары бойынша 2020 жылы зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында байқалады – 304 адам (20,2 %), ал құрылыс саласында – 175 адам (11,6%).

Өңірлер бөлінісінде жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (260 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (209 адам), Қостанай (140 адам), Павлодар (112 адам) облыстарында және Алматы қаласында (110 адам) сақталып отыр, - деп айтты еңбек инспекторы.

Айта кетсек, бұған дейін өндірісте жарақат алған жұмысшыға мемлекет жәрдемақы төлейтіні айтылды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы