Көлгінов халық санының көбеюіне байланысты жыл сайын 10 мектеп салу керек екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы елордада мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселесін шешу үшін 12 мектеп салынады. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Халықтың саны көбеюіне байланысты мектептерге де салмақ түсіп отыр. Мысалы, он жыл бұрын 70-тің үстінде мектеп болса, онда 75 мың бала оқыды. Бүгінде 112 мектепте 182 мың оқушы оқиды. Елордада 18 жасқа дейінгі балалар саны – 367 мың. Бұрынғы Целиноград тұрғындарының санынан көп. Сондықтан мектепке де салмақ көбеюде. Қазір 14 мектепте балалардың саны артық, үшауысымды 8 мектеп бар, - деді Көлгінов.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі осы мәселелерді шешу үшін бірінші кезекте жыл сайын кемінде 10 мектеп салу керек екенін айтты. 

Жыл сайын салмақ көбейіп келеді. Мысалы, биыл мамыр айында 6 мың оқушы мектеп бітірсе, күзде 24 мың бала сабақ оқуға келді. Үлкен айырмашылықты көріп отырсыздар. Биыл салынған алты мектеп 5 мың адамды қамтыса да, жеткіліксіз болып отыр. Келер жылы салынатын мектептер санын екі есе көбейтеміз. Осылайша, 12 мектеп 10 мыңға жуық баланы қамтитын болады. Жыл сайын осындай көлемде салмасақ, мәселені шеше алмаймыз. Мемлекеттік бюджетке қарап отырмай, жеке инвестицияларды тартып жатырмыз. Жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 22 мектеп инвестиция есебінен салынады, - деді әкім.

Айта кетейік, қала әкімі елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, елордалық үлескерлердің мәселесі қалай шешілетінін айтты. Сондай-ақ, елордада қолжетімді тұрғын үй саны үш есеге артатынын мәлімдеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы