Жүз жасаған журналист – Ханымбүбі Ақжолова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ өнері мен мәдениетінде 100 жасаған ғұмырлы тарланбозды білесіз бе?. Кеңестік «қызыл журналистика институтының» түлегі - қазіргі, атақты ҚазМУ-дің филология факультетінде ашылған журналистика бөлімінің ең алғашқы қарлығаштарының бірі алматылық журналист Ханымбүбі Ақжолова. Күні кеше журналист апамыз 100-ге келді.
Ол «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» құрметті атағын жарты ғасыр бұрын, яғни 1971 жылы иеленген.
Жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына келген апамыз өзінің жасөспірім шағы туралы баяндады.
Майданнан келетін «қара қағаздың» әлі де қардай борап басылмай тұрған 1944-ші жылдың жазы. Аудандық газет маған белсенді ауыл тілшісі әрі өнегелі коммунист деп университетке жолдама берді. Өте қиын кезең. Таң атпай 500 грамм қара нан үшін кезекке тұрамыз, одан сабаққа жүгіреміз. Барлығы 14 студенттің ішінде қыз баладан Тәслима Қарабалина екеуіміз ғана. Жігіттерден соғыстан жаралы оралған Кемел Тоқаев (Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі), кейін министр дәрежесіне жеткен Мүсілім Базарбаев, атақты ғалым, жазушы-журналист Мұқан Мамажанов, павлодарлық Петр Молчин мен Рафағат, әкесінің атын ұмытыппын, бәріміз бір курста тату-тәтті сыйласып, соғыстың зардабын еске алып кейде мұңдасып, бірге жүріп, жеңістің қуанышын бірге көріп, оқуымызды бітірдік. Жаны жайсаң сол құрбы-құрдастарымның барлығы да бақилық болды, жандары жәнатта болсын, – деді Ханымбүбі Ақжолова.
Ханымбүбі Ақжолова ұстаздарын ұмытпағанын, қазақтың пешенесіне жазылған даңқты тұлғалардан сабақ алғанын айта кетті.
Бірде Мұхтар Әуезов кезекті лекциясын үйде оқыды. Бәріміз белгіленген уақыттан он-он бес минут ерте қамданып, жұмыс бөлмесі-ау шамасы, үлкен жарық залға имене кірдік. Маңдайы жарқырап Ұлы ұстаз да кеп қалды. Жалма-жан орнымыздан ұшып тұрдық. Сондайлық ілтипатпен ишарат жасаған Әуезов, кенет «Әп-пәле, мына екі бала неге төмен отыр? Атамыз қазақ қыз баланы ерекше құрметтеген. Кәне, төрге шығыңдар!» деді. Атағы жер жарған даңқты ұстазымыздың құрметін сезінген Тәслима екеуміздің сонда бетіміз оттай жанып, төрге оздық, мәңгілік ұмытпаймын – деді ол.
1949 жылы оқу орнын тәмамдаған Ханымбүбі Ақжолованы республикалық « Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне тілші болып қызмет атқарады.
Қарттықтың «ермегі» дәрі-дәрмегі болмаса, осы күнге дейін дәрігер алдында кезек күткен кісі емеспін. Жаяу жүруді жаным сүйеді. Нағыз қимыл шебері ретінде шәкірттеріме «журналист пен қасқырдың асыраушысы – аяғы» деп он сан қайталап айтудан әсте жалықпаймын, - дейді Ханымбүбі апамыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ШҚО-да «Шілікті» сапар орталығы салынады
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы