5 Қараша 2026, 12:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Жусан иісі», «Менің атым Қожа»: Әдебиет баланың көзқарасын қалай қалыптастырады?

Кітаптағы кейіпкерлердің тағдыры арқылы балаға жанашырлық, өзгені түсіну және буллингке бейжай қарамау туралы қалай жеткізуге болады?

Бала әдеби шығармаларды жақсы біліп, сабақтан жоғары баға алуы мүмкін. Алайда бұл оның сыныптастарын құрметтеп, өзгенің көңіл күйін түсіне алатынын білдірмейді. Кітап оқуды баланың адамгершілік қасиеттерін дамытып, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер ететін тәжірибеге қалай айналдыруға болады? «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында BAQ.KZ тілшісі осы мәселе жөнінде SENIM балалардың позитивті қауіпсіздігі мектебінің жетекшісі Юлия Смышляевамен сұхбаттасты.

Сарапшының пікірінше, әдеби шығарманы талқылау кейіпкерлердің әрекетін мазмұндап, оларға баға берумен шектелмеуі керек. Баланың кейіпкердің іс-әрекетін неліктен дұрыс немесе бұрыс деп санайтынын, өзге адамның көзқарасын түсіне алатынын анықтау маңызды.

Кітап оқудың өзі баланы автоматты түрде мейірімді немесе эмоциялық тұрғыдан жетілген адамға айналдырады деп айта алмаймын. Достық пен жанашырлық туралы ондаған шығарма оқығанымен, бала бұл қасиеттерді күнделікті өмірде көрсете алмауы мүмкін. Барлығы оның оқығанынан қандай қорытынды шығаратынына және ересектердің сол оқиғаны түсінуіне қаншалықты көмектесетініне байланысты. Мысалы, біз оқушылардан әдеби кейіпкердің әрекеті дұрыс па, бұрыс па деп жиі сұраймыз. Ал мен үшін баланың неліктен осындай пікірге келгенін білу әлдеқайда қызық, – дейді Юлия Смышляева.

Мәселен, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі арқылы баламен адамның сырт көзге байқала бермейтін ішкі сезімі туралы әңгімелесуге болады. Шығармадағы Аянның өзі қолдауға мұқтаж болса да, басқа балаларға ертегі айтып береді. Оның тағдыры арқылы айналамыздағы адамның қандай қиындықты бастан кешіп жүргенін байқай аламыз ба деген сұрақты талқылауға болады.

Ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі адамға таңылған жағымсыз атау мен қалыптасқан көзқарастың салдарын түсіндіруге мүмкіндік береді. Шығармадағыдай, мектеп оқушысына да бұзық деген ат тағылып, оның әр әрекетінен кінә ізделуі мүмкін. Мұндайда баланың бір қателігі үшін оны кемсітуге немесе жеке басына тиісуге болмайтынын түсіндіру маңызды.

Кітаптағы оқиғадан буллинг мәселесіне дейін

Смышляеваның байқауынша, балалар кейде өздері куә болған әділетсіздікті түсінгенімен, келесі нысанаға айналудан немесе достарының ортасынан шеттеп қалудан қорқып, үнсіз қалады. Сондықтан шығарманы талқылағанда оқиғаға куә болған кейіпкерлердің әрекетіне де назар аудару қажет.

Владимир Железниковтің «Чучело» («Тұлып») повесі арқылы балалармен ұжымның неліктен бір адамға қарсы бірігетінін және өзгелердің оған араша түсуіне не кедергі болатынын талқылауға болады.

Егер бала бір әрекетті тоқтатуды сұрап, өзінің ренжігенін немесе оған жағымсыз екенін ашық айтса, ал айналасындағылар күлуін жалғастырса, бұл – мүлде басқа жағдай. Дегенмен балаларға кез келген жағымсыз әзіл немесе жанжал бірден буллингке жатпайтынын түсіндіру керек. Буллингке агрессивті әрекеттің қайталануы және тараптар арасындағы күш теңсіздігі тән. Бірақ бұл бір рет болған кемсітуді елемеуге болады деген сөз емес, – дейді сарапшы.

Мұндай талдау балаларға жағдайды жан-жақты бағалауға көмектеседі. Яғни кімнің зиян келтіріп жатқанын, кімнің мазақтауды қолдайтынын және жағдайды өзгерту үшін қандай әрекет жасауға болатынын түсінуге мүмкіндік береді.

Балаларды шығарма талқылауға қалай тартуға болады?

Маманның айтуынша, оқушыларды талқылауға қызықтыру үшін олардың күнделікті өміріне жақын форматтарды қолдануға болады. Мысалы, «Менің атым Қожа» повесіндегі кейіпкерлердің смартфоны мен ортақ чаты болғанда оқиға қалай өрбитінін елестетіп көруді ұсынады. Оқушылар кейіпкерлер арасындағы хат алмасуды құрастырып, бейнеролик түсіре алады немесе шығарманың балама жалғасын жазып, өз шешімдерін мәтінмен дәлелдей алады.

Алайда буллинг, жалғыздық пен зорлық-зомбылық тақырыптарын талқылағанда ерекше сақтық қажет. Мұндай әңгімелер оқушылардың жеке өміріндегі жағдайларды бүкіл сынып алдында жария талқылауға айналмауы керек.

Әдебиет пәні мұғалімінен бір мезетте психологтың міндетін де атқаруды талап етуге болмайды деп есептеймін. Мұндай әдістемелерді әзірлеуде пән мұғалімдері, мектеп психологтары және балалар қауіпсіздігі саласының мамандары бірлесіп жұмыс істегені дұрыс. Ең бастысы, бұл сөрелерде шаң басып қалатын көлемді нұсқаулықтар емес, күнделікті сабақта қолдануға болатын қарапайым әрі түсінікті құралдар болуы керек. Мысалы, дайын сұрақтар топтамасы, 20 минуттық пікірталас сценарийі, бірнеше жаттығу және талқылау кезінде жанжал туындаса, мұғалімнің қалай әрекет етуі керектігі жөніндегі ұсыныстар, – дейді Юлия Смышляева.

Сарапшы мұндай жұмыстың нәтижесін оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасына қарап бағалауды ұсынады. Мәселен, сыныпта кемсітетін әзілдер азайды ма, балалар келіспеушілікті агрессиясыз шеше ала ма, қажет кезде көмек сұрай біле ме деген мәселелерге назар аудару қажет. Оның пікірінше, оқыған шығарманың бала мінез-құлқына қаншалықты әсер еткенін дәл осы өзгерістерден байқауға болады.

Еске салсақ, бұған дейін Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны мен бейнебаяны жарық көрді. Туынды кітап оқу мәдениетін дәріптеп, білімнің қоғам дамуындағы маңызын насихаттауға бағытталған.

Тағы оқи отырыңыз: «Абай жолы», «Көшпенділер», «Шоко әлем»: Қазіргі оқушылар қандай кітап оқиды? 

Қағаз кітап па, смартфон ба? Қазақстандық оқырмандардың таңдауы қандай? 

Кітап оқи ма, әлде әлеуметтік желі қарай ма? Қазақстан оқушыларды кітап оқуға қалай баулып жатыр?