20 Қараша 2026, 13:46 Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Жұқа мұзға шыққан: Қарағанды облысында балық аулауға барған үш адам өзенге батып кетті

Қарағанды облысында жоғалған үш балықшының денесі өзеннен табылды.

Қарағанды облысында балық аулау кезінде үш адам қаза тапты. Екі ер адам мен бір әйел Есен өзеніне кетіп, сол күйі үйлеріне оралмаған. Іздестіру операциясы барысында құтқарушылар олардың денесін тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

17 қараша күні таңертең Шахтинск қаласының үш тұрғыны – 1959 және 1963 жылы туған ер адам мен 1963 жылы туған әйел балық аулауға шыққан. Олар Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 15 шақырым жерде орналасқан Есен өзеніне бет алған.

Адамдардың жоғалғаны туралы хабарлама Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар дереу іздеу жұмыстарын ұйымдастырды. Іздестіруді тәуліктің қараңғы уақыты мен су айдынын және жағалау сызығын тексеру қажеттілігі қиындатты.

Операцияға ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон), тепловизоры бар дүрбі, сүңгуір жабдықтары және Starlink спутниктік байланыс жүйесі жұмылдырылды.

18 қараша күні сағат 01:18-де, хабарлама түскеннен кейін 1 сағат 38 минуттан соң, құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдіктен табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, балық аулаушылар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен. Қаза тапқандардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда, - деп жауап жолдады Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына. 

Қарағанды облысының ТЖД мұз қату кезеңінде су айдындарына шығу аса қауіпті екенін ескертеді. Тіпті жағалау маңында да мұз адам салмағын көтере алмауы мүмкін. Құтқарушылар тұрғындарды жұқа мұзға шықпауға және балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін бұланды ауданында балық аулауға кеткен ер адамның денесі табылды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Қоянды маңындағы жағажайда екі бала суға батып кетті

Павлодар облысында жоғалып кеткен зейнеткер қамыс арасынан табылды

Қара уылдырық саудасы: Мұнайлы ауданында 38 жастағы ер адам ұсталды