Жұмыссыз қалғандар қанша ақша алады? Қазақстанда төлем тәртібі өзгереді
1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемнің мерзімі мен ең жоғары мөлшеріне жаңа талаптар қолданылады. Өзгеріс жаңа құқық туындайтын азаматтарға қатысты.
2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда пилоттық жоба аясында жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады. Аталған өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.
Әлеуметтік төлем кімдерге және қанша уақыт төленеді?
Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі оларды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту. Азамат жұмысынан айырылған жағдайда осы жүйе арқылы жаңа жұмыс іздейтін кезеңде уақытша қаржылық қолдау алады. Ал мемлекеттің негізгі міндеті адамның мүмкіндігінше тезірек жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Пилоттық жоба бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді:
- 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа – 1 ай;
- 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда – 2 ай;
- 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда – 3 ай төленеді.
Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді
Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.
Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.
Әлеуметтік аударымды кім төлейді?
Жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым төлейді. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Әлеуметтік аударым жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұмысынан айырылған азамат не істеуі керек?
Жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік қолдау алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі қажет. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.
Мансап орталығы қандай көмек көрсетеді?
Тіркелгеннен кейін мансап орталығы азаматтың мамандығын, еңбек тәжірибесін, біліктілігін, денсаулық жағдайын, жұмыс режимін және көлікпен қатынау мүмкіндігін ескере отырып, оған лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.
Егер лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеледі. Әлеуметтік төлем алуға құқығы болған жағдайда, ол жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.
Жұмысқа орналасуға қандай мүмкіндіктер ұсынылады?
Сонымен бірге азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. Олардың қатарында:
- кәсіптік оқыту және қайта даярлау;
- субсидияланатын жұмыс орындары;
- қоғамдық жұмыстар;
- жастар практикасы;
- кәсіпкерлік бастаманы қолдау;
- жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару шаралары бар.
Үш жұмыс орнынан бас тартса, төлем тоқтатылады
Әлеуметтік төлем алып жүрген кезеңде жұмыс іздеуді жалғастырып, мансап орталығы ұсынған лайықты бос жұмыс орындарын қарастырған маңызды.
Егер азамат ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылады. Осыған байланысты әлеуметтік төлем де тоқтатылады.
Үш айдан кейін де жұмыс табылмаса не болады?
Егер әлеуметтік төлем төленетін кезеңде азамат лайықты жұмыс таба алмаса, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау тоқтамайды.
Мансап орталықтары азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастырады және қолжетімді жұмыспен қамту шараларын ұсынады.
Өзгеріс бюджет шығынын қысқартуға байланысты емес
Әлеуметтік төлем мерзімінің өзгеруі республикалық бюджет шығыстарын қысқартуға байланысты емес. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және белгілі бір мерзімге арналған әлеуметтік сақтандыру тетігі болып саналады.
Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын күшейтіп, азаматтардың мүмкіндігінше тезірек тұрақты жұмысқа оралуына жағдай жасау.
Қазір әлеуметтік төлем қалай төленеді?
Қолданыстағы тәртіп бойынша жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Оның мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Төлем мөлшері азаматтың соңғы 24 айдағы орташа айлық табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі. Жаңа пилоттық жоба 2026 жылғы 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемнің мерзімін ең көбі үш аймен шектейді.
Тағы оқи отырыңыз: