Жұмысшының құқын кәсіподақ қалай қорғауда?
Шымкент қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Шымкент шаһарында тұрғындар саны 1 млн 52 мың 51 адамға жетті. Оның ішінде, еңбек күші немесе еңбекке жарамдысы – 431,2 мың адам, жұмыспен қамтылғаны – 409 мың адам, жұмыссыздар саны – 22,2 мың адам немесе 5,2 % құрайды.
Еліміздің үшінші мегаполисі шымқалада жмысшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы еңбек қарым-қатынасы қалай? Жұмысшылардың құқы қаншалықты қорғалып, жалақысы кешіктірілмей берілуде? Осы туралы аз-кем шолу жасасақ.
Жалпы, Кәсіподақтардың рөлі мен қызметі – еңбек қатынастарын реттеу кезінде айрықша көрініс табады. Қолданыстағы Еңбек кодексінде көптеген еңбек қатынастары жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өзара келісу және ымыраға келу арқылы шешілуі қарастырылған. Бұл келісім мекеменің, кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында белгіленеді. Жалпы ұжымдық шарттарда жұмыскерлердің мүдделері мен құқықтары, жұмыс берушінің міндеттері айқындалады. Осыған сәйкес Шымкент қаласындағы кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасасу бойынша еңбек қатынастарының жағдайлары төмендегідей болып отыр.
Шымкент қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған жалпы 16204 кәсіпорынның 1261-де немесе жалпы істеп тұрған кәсіпорынның 7,8%-да ұжымдық шарт түзілген. Жалпы 16204 кәсіпорынның 558-і мемлекеттік және 15646-сы жекеменшік кәсіпорындардың басым бөлігінде карантиндік режим жеңілдетілгеннен кейін және Үшжақты комиссияның белсенді жұмыс бастауынан кейін ұжымдық шарт жасауда ілгерілеушілік бар.
Жыл басынан бері 272 кәсіпорын ұжымдық шарт жасаса, оның ішінде мерзімі өтіп қайта жасасқаны 74, ал жаңадан ұжымдық шарт жасағандары 198 болып отыр. Оған талдау жасап, қарасақ, 558 мемлекеттік кәсіпорынның 65-і ірі, 162-сі орта, 331-і кіші кәсіпорын.
558 мемлекеттік кәсіпорынның 552-де ұжымдық шарт жасалған. 15646 жекеменшік кәсіпорынның 75-і ірі, 164-сі орта, 15407-і кіші кәсіпорын. Осы жекеменшік кәсіпорынның 709-де ұжымдық шарт жасалса, дәрежелеріне қарай 75 ірі кәсіпорынның 51-де, 164 орта кәсіпорынның 47-де, 15407 кіші кәсіпорынның 611-де ұжымдық шарт жасалған. Бұдан талдау қорытындысы бойынша жекеменшік кіші кәсіпорындардың ұжымдық шарт жасасуға құлықты емес екенін байқауға болады. Жекеменшік кіші кәсіпорындарда адам санының өте аз болуына байланысты кәсіподақ ұйымын ашу және ұжымдық шарт жасасу тиімсіз.
Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжановтың айтуынша, 14943 кәсіпорында ұжымдық шарт жасалмаған. Себебі, оларда кәсіподақ ұйымдары құрылмаған. Соның салдарынан ұжымдық шарт жасасу деңгейі төмен болып отыр екен.
Ұжымдық шарт жасасудың деңгейін көтеру мақсатында Кәсіподақтар орталығы тарапынан ҚР Кәсіподақтар федерациясына Еңбек Кодексіне «Барлық кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар ұжымдық шарт жасасуға міндетті», - деген толықтыру енгізу қажеттігі жөнінде ұсныс жіберілді. ҚРКФ ұсынысты әрі қарай пысықтап, тиісті органдарға жолдау бойынша жұмыстар жасауда, - деді Берік Бекжанов.
Сондай-ақ, оның сөзінше, еңбек дауы туындаған жағдайда тікелей еңбек ұжымдарымен жұмыс жасайтын келіссөздер пулы құрылған. Оның құрамына кәсіподақтар тарапынан өкілдер енгізілгенін айтты.
Жұмыскердің жалақысын кешіктіру
Өсім бойынша жыл басынан бері қалада 9 айда жалпы барлығы 8 кәсіпорында 74 жұмыскерге 14 млн 104 мың теңге жалақыдан қарыз болған. Онымен Үшжақты комиссия жұмыс жасап, нәтижесінде 3 кәсіпорын толығымен және 1 кәсіпорын ішінара жалпы 37 жұмыскер алдындағы жалақы қарызының 10 млн 764 мың теңгесін төлеген.
Жалақы қарыздары бар мекемелерден (жұмыс берушілерден) жұмыскерлердің жалақы қарыздарын тездетіп өндіру мақсатында Үшжақты комиссияға ол мәселелер бойынша тиісті сот орындаушыларын шақыртып қатыстыру үрдіске айналып келеді.
Шымкент қаласында кәсіпорындарда 30 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 34 адам зардап шеккен. 4 адам қайтыс болған, 11 адам ауыр жарақат алған, жеңіл жарақат алғаны 9 адам. Оның ішінде, топтық жазатайым оқиға саны – 3, одан зардап шеккені – 7 адам.
Бұл көрсеткіштер өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны көбейген. Орын алған 30 жазатайым оқиғаның 3 оқиғасы кәсіподақ ұйымы бар.
Шымкентте Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін 5 облыстық және 5 қалалық салалық кәсіподақтар бірлестіктері мен филиалдар жұмыс істейді. Шымкент қаласының салалық кәсіподақтарының құрамындағы 209 бастауыш кәсіподақ ұйымында 34139 кәсіподақ мүшесі бар болса, ал Түркістан облысының салалық кәсіподақтарының құрамында Шымкент қаласының аумағындағы мекемелердегі 336 бастауыш кәсіподақ ұйымы және оларда 26850 кәсіподақ мүшесі бар.
Жалпы барлығы Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын 545 бастауыш кәсіподақ ұйымы және оның 60989 кәсіподақ мүшесі бар.
«Татуласу орталығының» жұмыстары
«Татуласу орталығы» 2018 жылдың тамыз айында ашылып, оның құрамында алғашқыда бірнеше мекемелерден 7 медиатор кезекшілікпен жұмысын бастады. Ал 2019 жылдан бастап «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша өкілдігінен кезекшілікпен 10 медиатор жұмыс жасауда. Татуласу орталығында тоғыз айда жалпы 240 адамға көмек көрсетілген. Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар саны - 154, оның 140 бітімгершілікпен сәтті аяқталған.
«Татуласу орталығына» Еңбек дауы бойынша Шымкент қаласындағы қонақ үйдің мейрамханасында жұмыс жасайтын Н. есімді азаматшадан арыз келіп түсті. Аталған арыздың мазмұны бойынша Н. есімді азаматша елімізде карантин жариялануына байланысты наурыз айының жалақысын толық алмаған. Осы мәселені шешу мақсатында сотқа дейін келісімге келу арқылы «Татуласу орталығына» медиациялық өтінім қалдырып бітімгершілікпен аяқталды.
Тағы бір нақты мысал ретінде атап айтсақ, «Ынтымақ» салалық кәсіподағы еңбек дауын алдын алуға байланысты 42 мың 500 теңгенің төлемдеріне қатысты «бір серіктестіктің» жұмыскерлерінен түскен өтініштерін тиісті орындармен бірге қарап, заң шеңберінде 200 кәсіподақ мүшесінің 42 мың 500 теңге әлеуметтік көмек алуына қол жеткізілді. Сондай-ақ, тағы бір акционерлік қоғамда кәсіподақ ұйымының келісімінсіз 13 жұмыскер жұмыстан босатылған.
Аталған мәселе бойынша кәсіподақ ұйымы тарапынан заңсыз босатылған кәсіподақ мүшелерінің құқын қорғау арызына сәйкес, аумақтық кәсіподақтар орталығы мен кәсіподақ федерациясының араласуларының нәтижесінде жұмыстан босатылған барлық жұмыскер қызметтеріне қайта орналастырылды.