Жұмысқа барғысы келмейтіндерге арналған клиника ашылды

Қытайда жұмысқа барғысы келмейтіндерге арналған клиника ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі SCMP.com-ға сілтеме жасап.

Қытайда жұмысқа байланысты мазасыздық пен депрессияны емдеуге бағытталған "Жұмысқа баруды ұнатпайтындар" клиникасы ашылған.

Аталған клиника бұған дейін құрылған "Мектепке барғысы келмейтіндер" клиникасының жалғасы. Дәстүрлі қытай және батыс медицинасын біріктіретін аурухана амбулаториялық қызмет түрін екі ай бұрын іске қосты. Ол ата-аналарға баласының оқу мен мектепке баруға деген немқұрайлылығын жоюға көмектеседі. Мәселе баланың эмоционалды күйі мен оқу жүктемесіне байланысты болған.

Бұрын балаларды “Мектепке барғысы келмейді” деп әкелген ата-аналар арасында “Ересектерге арналған, жұмысқа барғысы келмейтіндер үшін де клиника бар ма?” деп сұрағандар болды, - дейді жаңа клиниканың басшысы Юэ Лимин.

Клиника шаршау, күйзеліс, эмоционалды тұрақсыздық пен жұмыстың мәнсіз көрінуі сияқты мәселелерге тап болған адамдарға көмек беруді мақсат еткен.

Егер бұл жағдайды тікелей “мазасыздық” немесе “депрессия” деп атасақ, кейбір науқастар оған қатысты стигманы сезінуі мүмкін. Сондықтан біз адамдар еш қысылмай, еркін келуі үшін атауын осылай таңдадық, – дейді Юэ.

Оның айтуынша, бұл симптомдар көбіне терең психологиялық немесе әлеуметтік себептерден туындайды. Дәрігерлердің міндеті — нақты себебін анықтап, жүйелі диагностика жүргізіп, содан кейін емдеу мен қолдау көрсету.

Диагностика процесі науқастың эмоционалды күйін бағалау үшін сұхбат алудан басталады. Сонымен қатар гипертиреоз (қалқанша бездің шамадан тыс белсенділігі) сияқты органикалық ауруларды жоққа шығару үшін медициналық тексеру де жасалады. Кейін аурухана әр пациентке жеке емдеу жоспарын әзірлейді.

Клиника директорының айтуынша, әзірге келушілер саны көп емес.

Ал Қытайдағы әлеуметтік желілер осы мәселені әзіл-сықақпен қызу талқылауда.

Мұндай клиниканы ойлап тапқан адам – нағыз данышпан! Клиникаға кіресің, бірақ дәрігерлер жоқ. Өйткені олар да жұмысқа барғысы келмейді. Бұл жерге барғанда не күтесің? Кетіп бара жатып, жұмысыңа ғашық болып кетемін дейсің бе? – деген пікірлер білдіруде.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда "Бонусқа тегін дәретхана мен лифт" ұсынған жұмыс беруші жарнамасы желіде дау туғызған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы