"Еңбек" бағдарламасы: Енді азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына қарай оқытылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-миристрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазақстандықтарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Үш жылдан бері "Еңбек" деген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жұмысқа орналасуына көмектесу. Бірінші - оқыту, мамандық беру, неше түрлі тегін гранттар мен төмен пайызбен шағын несиелер беру арқылы қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру. 11 айда бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 176 млрд теңге жұмсалды. Соның нәтижесінде 400 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, 46 мыңға жуық қазақстандық грант пен жеңілдетілген несие алды. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, - деді Сапарбаев.
Премьер-министрдің орынбасары осы бағдарлама бойынша қамтылған азаматтар жұмысқа орналаспайды деген сынға тоқталып өтті. Осыны ескере келе азаматтар жұмысқа орналасуда мәселе болмас үшін келер жылдан бастап жұмыс берушілердің ғана сұранысына қарай оқытылатынын айтты.
Көп жұмысшылар шоғырланған өңірлерден жұмысшылар аз өңірге көшіру бойынша оңтүстіктен солтүстік пен шығыс өңірлерге 9000 адамды көшірдік. Қазір бағдарлама ауқымын кеңейттік. Биыл елордадан Екібастұзға 2200 адамды көшірдік. Оларды пәтермен, жұмыспен қамтыдық. Бағдарламаға Ақмола, Қарағанды облыстарын да қосып жатырмыз, - деді Үкімет басшысының орынбасары.Бұған дейін Бердібек Сапарбаев 1 млн 100 мың бала атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғанын айтты.