Жұмыс, баспана, грант: Қазақстан жастарына қандай қолдау көрсетіледі?
12 тамыз - Халықаралық жастар күні. Осыған орай елімізде жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатқанына шолу жасадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр елімізде жастар туралы заң қабылданған болатын. Заң аясында Қазақстанда «жастар» ұғымы кеңейтілді. Енді елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар жастар санатына жатады. Қазіргі күні елімізде шамамен 6 млн-нан аса жас бар.
Жұмыс мәселесі
Елімізде жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар. Бағдарлама аясында жастар жұмысқа тұра алады.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында өңірлік жұмыспен қамту карталарын жүзеге асыру туралы баяндаған болатын.
Оның сөзінше, елімізде 2,3 млн жас бірінші кезекте Отбасының цифрлық картасының көмегімен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылуы тиіс нысаналы топ ретінде анықталған. Осы мақсатта жыл басынан бері облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері 20 өңірлік жұмыспен қамту картасын бекітті, оның шеңберінде 947 мың азаматты жұмысқа тарту көзделген.
Есептік кезеңде 441 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық көрсеткіштің 47%-ын құрайды. Оның ішінде жастардың үлесі шамамен 50%, - деп айтты Еңбекмині басшысы.
Баспана мәселесі
Баспана – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Осы сұрақты шешу мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар іске қосылғаны белгілі. Соның ішінде жастар санаты үшін арнайы ашылған жобалар бар. Атап айтқанда, Отбасы банкінің «Жас отбасы», сонымен қатар жұмыс істейтін жастарға арналған «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары» және «Қостанай жастары», «Ақтөбе жастары», «Жетісу жастары», «Алатау жастары» сияқты бағдарламалары бар.
Сонымен қатар Астанада осымен бірнеше жыл қатарынан «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында 29 жасқа дейінгі жастар баспаналы болды. Олар мемлекеттен берілген жалдамалы пәтерде 5 жыл бойы тұрып, өз баспаналарына қаржы жинай алады. Ал пәтерді жалдау ақысы айына шамамен пәтердің шаршы метріне байланысты 5 000-15 000 теңге.
Қайтарымсыз грант
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы
Президент тапсырмасына сәйкес жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты мемлекеттік грант тағайындалған. 35 жасқа дейінгі азаматтарға 3 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі. 5 бағыт бойынша 30 грант 30 беріледі. Олар: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа бағыттары.
Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау.
Zhas Project жобасы
Zhas Project - бұл әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтарды, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Ол жастарды өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі.
Zhas Project Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысы бойынша іске асырылады.
Жоба былтыр Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде пилоттық режимде іске асырылған болатын. Биыл Zhas Project жобасы еліміздің барлық облысы мен республикалық маңызы бар қаласында жүзеге асырылады деп күтіліп отыр.
«Болашақ» бағдарламасы
1994 жылы басталған бағдарлама аясында мыңдаған жастарымыз шетелде оқып келіп, қазіргі күні еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып жүр.
«Болашақ» » халықаралық стипендиясының мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.
Бұл бағдарлама жастарға шетелде білімін шыңдауға, тағылымдамадан өтуге септігін тигізеді.
Мысалы, биыл «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алуға 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.
Жыл соңына дейін «Болашақ» стипендиясына өтінімдерді қабылдаудың екі легі өтеді: 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында.
Басым мамандықтар тізіміне 262 мамандық кірді. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және т.б. сынды еңбек нарығында өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өтеді.
Жас ғалымдарды қолдау
Елімізде жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Президенттің ғалымдардың мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру үшін бірінші кезекте ғалымдардың жалақысы өсті. Ғалымдар мен зерттеушілер саны бүгінде 1,5 есе өсті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Үкіметте жасаған баяндамасына сәйкес, «Ғылымды қаржыландыру 70%-ға ұлғайған. Қазір жас ғалымдар мен постдокторанттарға 1 014 грант бөлінді. Жалпы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өскен.
Министрлік 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға үш конкурс жариялады: бюджеті 3 млрд теңгені құрайтын «Жас ғалым» жобасы бойынша; бюджеті 9 млрд теңгені құрайтын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдар конкурсы; сондай-ақ бюджеті 74 млрд теңгені құрайтын 2023-2025 жылдарға арналған жалпы конкурс.