Жұманғарин: Жыл қорытындысы бойынша экономика өсімі кемінде 5% жетеді
Сөзінше, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыста және көлік қызметтерінде жоғары өсу қарқыны сақталуда.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі болып қала береді.
Машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыста және көлік қызметтерінде жоғары өсу қарқыны сақталуда. Сондай-ақ саудада, ауыл шаруашылығында және ақпарат және байланыс саласында өсім байқалуда. Біздің бағалауымызға сәйкес, жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кемінде 5% жетеді. Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыруға және экономикада жалпы қосылған құнды барынша арттыратын өндірістер құруға бағытталған экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыруға бағыт жалғасады. Инвестициялар маңызды фактор болып қала беруде, - дейді вице-премьер.
Оның сөзінше, биыл қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға инвестициялар 7%-ға өсті.
Біз инвестициялар құрылымының өзгеруін көріп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібіне, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, ауыл шаруашылығына, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар ұлғаюда. Тартылатын инвестициялардың сапасын арттыру мақсатында Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылуда. Инвестициялық белсенділіктің қосымша серпінін «Бәйтерек» холдингін капиталдандыру қамтамасыз етеді. Проактивті тәсіл аясындағы біздің міндетіміз – «Қазақстанның мүмкіндіктері туралы толық білмеуінен» бастап «тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға», «кейстерді егжей-тегжейлі зерделеуге», ең соңында «жобаларды іске асырудың басталуына» дейінгі барлық кезеңдер бойынша шетелдік және ішкі компанияларды жүйелі және үдемелі түрде ілгерілету, - дейді ол.
Бүгінгі таңда министрліктер 4 трлн теңгеден астам инвестициялық тапсырыстар пулын қалыптастырған.
Бұл ретте екінші деңгейдегі банктердің инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы шағын және орта бизнес болып табылады. Соңғы бес жылда шағын және орта бизнес секторы оң серпінді көрсетіп, экономиканың шамамен 40%-ын қалыптастыруда. Аталған кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 30%-ға өсті. Осылайша, 2025 жылы бизнес субъектілерінің өсуі 110,5 мың бірлік, - дейді Жұманғарин.
Ұлттық экономика министрі салық төлеушілер санының артқанын да атап өтті.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша салық төлеушілердің жалпы саны 2 806 мыңға жетті, бұл жыл басымен салыстырғанда 367 мыңға артық. Өзін-өзі жұмыспен қамту режимін қолданатын адамдар саны 543,5 мыңға дейін өсті.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында атап өткендей, жүргізілген салық-бюджет реформалары бүкіл экономикалық жүйені толығымен қайта іске қосты және Қазақстан экономикасының жаңа моделін қалыптастырудың негізін қалады. Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға, бюджеттік тәртіпті нығайтуға және нақты нәтижелерге қол жеткізгені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге басты назар аударылды. Бір мезгілде өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Салық кодексін тиімді енгізуді қамтамасыз ету үшін жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі таңда 20 отырыс өткізіліп, онда практикалық сипаттағы мәселелер қаралды, - дейді Ұлттық экономика басшысы.
Серік Жұманғариннің айтуынша, осы жылдың бес айының қорытындысы салық түсімдерінің оң динамикасын көрсеткен. Осы жылдың 5 айының қорытындысы салық түсімдерінің оң динамикасын көрсетеді, олардың өсуі 18%-ды, оның ішінде қосылған құн салығының өсуі – 45,1%. Экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты өсуін қамтамасыз етудің маңызды шарты инфляцияның төмендеуі.
Биыл Үкімет алдында инфляцияны 10%-дан төмен деңгейге дейін түсіру міндеті тұр. Инфляциялық процестердің біртіндеп тұрақтанып жатқанын айта кету керек. Маусымның қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ға дейін баяулады, - дейді ол.
Тағы оқи отырыңыз: Жалақы, жұмыс орны, кредит: Жұманғарин халық табысы қалай артатынын айтты