Жұманғарин сиыр етінің бағасы жайында: "Болжам жасағым келмейді"
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифингте сиыр етін экспорттауға енгізілген шектеулердің Қазақстандағы ет бағасының арзандауына ықпалына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл шаралар ет бағасының тұрақтануына әсер етуі тиіс.
Мен болжам жасаумен айналыспаймын. Бірақ сиыр етінің бағасын тұрақтандыруға бұл шешімнің, соның ішінде экспортқа шектеу енгізудің ықпалы болатыны анық. Дегенмен мұндай шешімдер әкімшілік сипатқа ие және әдетте ұзақ уақыт сақталмайды, – деді вице-премьер.
Сондай-ақ ол келесі жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту кезеңі болатынын атап өтті.
Соңғы 2 жылда біз өсімдік шаруашылығына айтарлықтай қаржы салдық, сөйтіп қатарынан 2 жыл жақсы өнім алдық. Осы бағытта несие ресурстарын ұлғайттық, өнімді қорғау шараларын күшейттік. Енді дәл осындай жұмыс алдағы уақытта мал шаруашылығы саласында жүргізіледі, – деп толықтырды Серік Жұманғарин.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС өсуі баспана бағасына әсер етпейтінін айтты.