28 Тамыз 2026, 00:33 Фото: REUTERS/Navesh Chitrakar

Жойқын тасқыннан кейін Непал мен Қытайға тағы бір қауіп төнді

Билік өзеннің төменгі ағысындағы тұрғындар мен құтқарушыларды қауіпті аумақтардан алыстауға шақырды.

Непал мен Қытай билігі Гималай аймағында жаңа су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті.

Reuters мәліметінше, шекараның екі жағында пайда болған екі көлдің арнасынан асып немесе табиғи бөгеттерді бұзып өту қаупі бар.

Мамандар апатқа мұздықтың опырылуы себеп болғанын айтады. Соның салдарынан өзендерге мұз, тас, балшық пен басқа да үйінділер түсіп, табиғи бөгеттер пайда болған.

Непалдың төтенше жағдайлар қызметі осындай бөгеттің артында жиналған су деңгейі көтеріліп жатқанын хабарлады. Билік өзеннің төменгі ағысындағы тұрғындар мен құтқарушыларды қауіпті аумақтардан алыстауға шақырды.

Қытай тарапының болжамынша, алдағы үш тәулікте шекара маңындағы бөгелген көлге тағы 3 млн текше метр су жиналуы мүмкін. Бұл шамамен 1 200 олимпиадалық бассейннің көлеміне тең. Су ағынының шарықтау шегі 1 қыркүйекке қарай күтіледі.

«Су көлемі артып келеді, онымен бірге қауіп те күшейіп жатыр», – деді Қытай Су ресурстары министрлігінің өкілі Чжу Цзиньфэн.

Алдағы аптада аймақта қосымша жауын-шашын болжанғандықтан, жағдайдың күрделену қаупі сақталып отыр. Ескертуден кейін Непалдағы кейбір құтқару топтары өзен арнасынан алыстап, биік әрі қауіпсіз аумақтарға көшіріле бастады.

Еске сла кетейік, 26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибетпен шекаралас аудандарында болған жойқын су тасқынынан кемінде 362 адам қаза тауып, 1 мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. Қираған елді мекендерде іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Непалдың Расува ауданында болған жойқын су тасқынынан кейін  хабар-ошарсыз кеткендер қатарында  қазақстандық азаматша бар.