Жолдау және жол. Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс...
Еліміздегі жолдың құрылысы мен сапасын қордаланған мәселелердің қатарына жатқызуға болады. Әсіресе, елдің батысы мен шығысындағы күрежолдардың құрылысы 30 жылда шешімін таппай келеді. Мемлекет басшысы да еліміздің жол құрылысы саласын сынға алған болатын. Тіпті, өзінің биылғы жолдауында да айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жылдан кейін жолдардың 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берді.
Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс, - деді Тоқаев.
Енді бұл тапсырма қалай орындалып жатқанына назар аударсақ.
«Қазталов-Жәнібек – РФ шекарасы»
Батыс Қазақстан облысында Ресейге жақын жатқан шекаралас жолдардың азабын қысы-жазы халық көрді. Жолдың жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайды. 30 жылда осы аймақтардан Оралға баратын тасжол болмады. Тек 2019 жылы жолдың құрылысы басталған. 2020 жылы бұл жол халық игілігіне берілуі керек еді. Алайда олай болмады. Қазір құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жолдардың құрылысымен жазда өзіміз де барып таныстық.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстандағы «Орал-Жәнібек», «Өнеге-Сайқын» учаскелері бойынша 248 шақырымның 135-і жөнделгенін айтты. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жолдың 54 пайызы ашылады.
Жалпы алғанда биыл Батыс Қазақстан өңіріндегі республикалық күре жолдарға 350 мың тонна асфальт төселген. БҚО-да күрделі жөндеу жұмыстары екі нысанда әлі жалғасып жатыр. Олардың қатарында жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайтын «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» күре жолдары бар. Бұл тас жолдар 6 учаскеден тұрады.
Бұл туралы 1 қарашада «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БҚОФ басшысы Қазбек Мәмбетов БАҚ-қа арналған брифинг барысында хабарлады.
Бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан, жалпы алғанда, биылғы құрылыс-монтаждау жұмыстарында өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеу байқалады. Мәселен, құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техника мен маман саны екі есе артты. Қазір екі нысанда 700 маман еңбектеніп, 600 бірлік арнайы техника жұмыс істеп тұр. Жол қызметкерлерінің 90%-ы жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, 4 асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Егер өткен жылы шамамен 41 шақырым асфальт төселген болса, биыл мердігер ұйымдар 75 шақырым асфальт төседі. Аталмыш күре жолдардың 122 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілді, - деп атап өтті Қазбек Мәмбетов.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БҚОФ басшысы «Подстепное-Федоровка» республикалық трассасын жөндейтін мердігер ұйымдар анықталғанын атап өтті.
Ал орташа жөндеу жұмыстарымен республикалық маңыздағы 110 шақырым жол қамтылды.
Аты аңызға айналған «Астраханка»
Биыл жазда «Атырау-Астрахань» тасжолында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысу бұйырған еді. Құрылыс жетпеген жолмен жол талғамайтын көлікпен жүрудің өзі қиынға соғады. Бұл жүктемесі өте ауыр жолдардың қатарына кіреді. Себебі Ресей мен Қазақстан арасында жүк көліктері күні-түні толассыз тауар тасиды.
«Атырау-Астрахань» тасжолының ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Жоба учаскелері бойынша жұмыстар 2020 жылы басталған. Лянкаран, Тодини, Ант Иншаат, «БК «СинеМидас Строй» ЖШС.
2020 жылы 20 шақырым автожол пайдалануға берілді. 2020 жылдан бастап 277 шақырым жол ЕҚДБ қарызы есебінен реконструкцияланып жатыр.
Объективті себептерге байланысты құрылыс мерзімін 2023 жылға ұзарту күтіліп отыр.
Бастапқыда мердігерлерге реконструкциялау учаскелері бойынша барлық қозғалысты ашу міндеті қойылған болатын. Алайда жол-құрылыс материалдарының дайындау қарқынын, жол битумы мен дизель отынының тапшылығын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген жоспарлар қайта қаралды. 2022 жылдың соңына дейін 277 шақырымның 130 шақырымына жуығында қозғалыс ашылады.
Ақтөбе мен Қандыағаш
«Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жолдың былтыр 18 шақырымы пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жол 4 жолақты болады. «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесін реконструкциялау жобасы бойынша 64,02 млрд теңге сомасына кредиттік келісімге қол қойылған. Бұдан бөлек, автожолды іске асыру ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1055 қаулысымен бекітілген инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында көзделген.
Жоба бойынша инвестициялардың жалпы құны 72 млрд теңгені құрайды.
Республикалық маңызы бар автожолдың 45 шақырымына жаңа асфальт жабыны төселіп, қозғалыс ашылды. Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам және 335 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізіп жатыр. Қайта жаңарту жұмыстары аясында мердігер ұйымдар 18 көпір, 16 мал айдау өткелін және 60 су өткізгіш құбыр салады.
Қайта жаңарту жұмыстары екі учаскеде жүріп жатыр: 11-ден 52-ші шақырым аралығы және 52-ші шақырымнан Қандыағаш қаласына дейін. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр.
Сонымен қатар биыл «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы жалпы ұзындығы шамамен 65 шақырымды құрайтын М-32 «РФ шекарасы (Самараға)-Шымкент» күре жолының екі учаскесін орташа жөндеу жұмыстарымен қамтыды. Оның 34 шақырымы биылғы шілде айында пайдалануға берілді. Осы айда барлық жұмыстарды аяқтап, қалған 30 шақырымды пайдалануға беру көзделіп отыр. Өңірдегі республикалық жолдарды салу үшін барлық материалдар жергілікті кәсіпорындардан сатып алынатынын атап өткен жөн.
Ақмолада жөнделген жол
Биылғы жол құрылысы маусымы аясында Ақмола өңірінде республикалық маңызы бар 100 шақырымнан астам жол жөнделді. Жалпы 2022 жылы жөндеу жұмыстарымен қамтылған жол учаскелерінің саны 2,5 есе артты.
Мәселен, бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 361 шақырымды құрайтын 28 учаске жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жөндеу жұмыстарымен қамтылған учаскелердің бір бөлігі келесі жылы қолданысқа берілетінін атап өткен жөн.
Қазір республикалық маңызы бар «Екатеринбург - Алматы» күре жолындағы төрт учаске, сондай - ақ «Астана-Петропавл» күре жолының Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейінгі учаскесі, «Жақсы-Есіл-Бұзылық» күре жолының учаскесі жөнделді. Сонымен қатар, «Жезқазған-Петропавл» күре жолының Державинск қаласынан Уәлиханов ауылына дейінгі (Арқалық қаласы бағытында) жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын проблемалық учаскесі орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр.
Өңір тұрғындарының өтінішіне сәйкес күре жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін Талапкер, Төңкеріс, Астраханка, Зеренді, Сандықтау елді-мекендеріне қарасты 20 шақырым жарықтандырылып, 14 жаңа бағдаршам орнатылмақ (6 бағдаршам орнатылып, пайдалануға берілді).
Сондай – ақ мердігер ұйымдар ұзындығы 32 шақырым болатын қар ұстайтын қоршаулар мен 15 шақырымға жуық үй жануарларының жолға шығып кетуін болдырмауға арналған арнайы қоршаулар орнатады.
Бұл маңызды бағыттардан бөлек «Балқаш-Бурылбайтал», «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Қызылорда-Жезқазған», Үлкен Алматы айналма жолының құрылыстары жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында басымдықта бар жобаларды жүзеге асыру мақсаты тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев солай дейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз, алдымен, басталған, яғни қолданыстағы барлық жобаларды аяқтауымыз керек.Автожол саласында 2024 жылға дейін іске асыруды көздейтін жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын 17 жоба бар»,- деп түсіндірді ведомство басшысы.Жыл соңына дейін қозғалыс 1 мың шақырым жолда ашылады деп жоспарланған. Қалған 3 мың шақырымында жұмыстар 2023 жылы аяқталмақ, - деді министр.
ҚазАвтожол мен Қазақавтожол. Жолдың сапасы жақсарды ма?
Мемлекет басшысы жолдың құрылысы мен сапасын арттырып қана қоймай, тазалақ мәселесін де бір мекеме қамтамасыз етуі үшін «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтожолды» ұлттық бірыңғай компания ретінде біріктірді.
Жолдың сапасын тексеру де назардан тыс қалмады. Осы жылдың 9 айында жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықтарды анықтады.
Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгісі іріктеліп, сынақтан өткізілді, оның 8 мыңы республикалық желіге, 15 мыңы жергілікті желіге тиесілі.5,6 мың материал сынамалары немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 12% (1016), жергілікті желі бойынша 30% (4598) сәйкессіздіктер анықталды.
Нәтижесінде мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 миллиард теңгенің жұмысы қайта жасалынды.
Сапа орталығы жосықсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдады.
Нәтижесінде бүгінгі күні 18 жағдайда техникалық қадағалау мамандарының аттестаттары тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге салынған айыппұл сомасы 29,3 млн теңгені құрады.
Оған қоса, жаз мезгілінің ортасынан бастап «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қызметкерлері мердігер ұйымдармен бірлесе қысқы кезеңге арналған дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бірнеше пункттерден тұратын іс-шаралар жоспары әзірленді.
Қолданыстағы барлық арнайы техника тексерілді. Оның істен шыққандары жөнделіп, ретке келтірілді. Ал алдағы қыста қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін 100-ден астам арнайы техниканы сатып алу және 500-ге жуық арнайы техниканы жалға алу қарастырылды.
Осылайша, қысқы кезеңде республикалық трассаларды қардан тазалап, күтіп-ұстау үшін 2000-нан астам арнайы техника дайындалды. Олардың қатарында автогрейдерлер, шнекороторлар, қар тазалайтын құрылығымен жабдықталған тиегіштер мен тракторлар бар. Сонымен қатар 400-ден астам өндірістік база мен қойма дайындалды. Оларда көктайғаққа қарсы материалдар сақталып, арнайы техникаға жөнделді.
Көктайғаққа қарсы материалдарды дайындау жұмысы да жалғасып келеді. Жалпы алғанда 120 мың м3 құм, 23 мың тонна тұз, 1200 тонна химреагент қоспаларын дайындау қажет.
Оған қоса қалың қар басу қаупі жоғары учаскелер анықталды. Мәселен, бүгінгі күні олардың ұзындығы 3 мың шақырымды құрап отыр. Қысқы күтіп ұстау жұмыстары аясында бұл учаскелерді ерекше бақылауға алынады.
Жылыту пункттері де жөндеуден өтті. Қазір республикалық автожолдардың бойында 125-тен астам жылыту пункттері бар.
Қысқы кезеңде республикалық трассаларды пайдаланушылармен кері байланысты нығайту үшін бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 call-орталығының қызметкерлерінің санын арттыру жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейін, биылғы тоғыз айда call-орталық операторлары 150 мыңнан астам өтінім өңдеді.
3 млн тонна асфальт. Аз ба, көп пе?
Биылғы құрылысы маусымы аясында республикалық маңызы бар жолдарға 3 млн тоннадан астам асфальтбетон жабыны төселген. Сонымен қатар 18 көпір, 6 мал өткелі, 325 су өткізгіш құбыр салынды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Меркі-Бұрылбайтал», «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Өнеге-Бисен-Сайхин» және т. б. күре жолдарда жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда 200-ге жуық учаске құрылыс жұмыстарымен қамтылып отыр. Жалпы республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды.
Оның ішінде 4 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, қалған 3 мың шақырым тас жолда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жол құрылысына 7 мыңнан астам маман мен 5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Мемлекет басшысы тапсырған межеге 2025 жылы қол жеткізіле ме жоқ па? Ол уақыттың еншісінде.