Жолдау және Саясаттың білім саясаты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министр болғанына 100 күн толды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 11 маусым күні Саясат Нұрбек депутаттықтан босатылып, Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне тағайындалған болатын. Осы уақыт аралығында министр жаңадан бөлініп шыққан салада қандай өзгерістер жасап, қандай бағдарламалар құрды дегенге бір көз жіберіп көруді жөн санадық.

Әңгімеге кіріспес бұрын, Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған мына бір мәселеге көңіл аударсақ.

Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады – деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Ал жаңадан құрылған министрлік тікелей осы Жоғарғы оқу орындарына жауап беретіндіктен, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін болашақ ұстаздардың білімі басты назарда болуы маңызды.

Грант саны жыл сайын 10% көбейеді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру саласындағы гранттық жүйеде қандай өзгерістер болатынын айтты.

Гранттар санын 2025 жылға дейін жыл сайын 10%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз. Алайда бұл шаралардың өзі жеткіліксіз болатыны анық. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының дифференциалды грант (30%-дан 100%-ға дейін) енгізу туралы тапсырмасы өте өзекті. Әлемдік тәжірибені зерделеу және Президенттің бастамаларын іске асырудың нақты тетіктерін ұсыну үшін арнайы жұмыс тобын құрдық, - деді министр.

Осы орайда Президент Жолдауында айтылған кредит беру мәселесін еске ала кетейік.

Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Ал министр Саясат Нұрбек ақылы бөлімде оқитын студенттерге қатысты қандай шаралар қолға алынатынын айтты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта студенттердің шамамен 60%-ы ақылы негізде оқиды. Оларды қолдау үшін Мемлекет басшысы атап өткен жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру кредиттерін алу мүмкіндігі беріледі.

Әлем университеттерінің онлайн курсы

Оқу жылы басталған кезде министр Қозыбаев университеті базасында Аризона университетінің дипломын қоса алатын білім жүйесін іске қосқан болатын. Ал алдағы уақытта еліміздің студенттері әлемнің кез келген жетекші университеттерінде онлайн курстан өтуге мүмкіндік алатыны туралы айтылды.

Оның негізі қыркүйек айының ортасында министрлік онлайн білім берудің жетекші платформаларының бірі Coursera-мен меморандумға қол қоюы еді. Сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарын осы платформада өз курстарын орналастыруға ынталандыру сияқты іс-шаралар қарастырылып жатыр.

Болашақта студенттерге оқыған онлайн курстары мен пәндердің кредиттерін есептеуге мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, студент белгілі шетелдік профессордың онлайн курсын өз бетінше аяқтай алады және ол үшін диплом алу кезінде міндетті түрде ескерілетін кредиттер беріледі, - деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Huawei компаниясымен ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқанын айтты. Министрдің сөзіне қарағанда, Huawei компаниясы АКТ саласында білім алатын 5 мың студентті тегін оқытып, сертификат беру туралы келісімге келген.

Аймақтық ЖОО – өңірлік кадр

Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек – деген еді Тоқаев өз Жолдауында. 

Осыған орай министрлік жергілікті жоғары оқу орындарында жергілікті кадрлық мәселені шешуді қолға алуды жоспарлап отырғандығын алға тартты.

Сол мақсатта, елімізде кәсіптердің аймақтық атласын әзірлеу жұмыстары жүргізіле бастады. 

Жоба Павлодар облысындағы кәсіби-техникалық білім беру деңгейінде сынақтан өтіп, өңірде кешенді жұмыс жүргізілді. Соның арқасында өңірде сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталды

Жұмысты ұйымдастыру және қажетті қаржыландыру «Мамандығым-Болашағым» жобасы ретінде 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына енгізілген. Жобаға қатысушы 20 жоғары оқу орынының тізімі жасалды. «Үштік спираль» деп аталатын модель шеңберінде өңірлік жоғары оқу орындары әкімдіктермен және жергілікті корпоративтік сектормен өзара тығыз байланыс орнатады, - деді министр. 

Айтуынша, осы ынтымақтастық нәтижесінде әрбір аймақтық ЖОО-да жобалық кеңселер құрылып, олардың негізінде өңірдің кадрлық қажеттіліктері зерттеліп, жаңа кәсіптердің өңірлік атласы әзірленетін болады.

Шетелдік ЖОО филиалдары

Оқу жылы басталған кезде Атырауда Ресей университетінің филиалы ашылғаны барлығымызға белгілі. Бұл бастамасы ғана. Одан бөлек елдегі өзге де ЖОО-лардың базасында Германия, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Қытай сияқты елдердің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұл жұмыстың мақсаты – шетелдік жетекші университеттерді, оқытушылар мен ғалымдарды тарта отырып, «еркін білім беру аймақтарын» қалыптастыру. Бұл бағытта нақты нәтижелер бар, - деді министр.

Жатахқана жыры

Мемлекет басшысы өз Жолдауында шегелеп айтып, нақты тапсырған мәселенің бірі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі болатын.

Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл мәселе біздің де назардан тыс қалған жоқ. BAQ.KZ тілшісі елдегі жатақхана жетіспей қалған студенттер жағдайын бірнеше рет жазған болатын.

Ал министр Саясат Нұрбек мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, ЖОО студенттерін жатақханамен қамту мәселесі министрліктің жіті назарында екенін айтты.

Орын тапшылығын шешу үшін жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орындары, жергілікті әкімшіліктер мен жеке инвесторлар атсалысп отыр. Әсіресе алып мегаполистерде студенттерге арналған жатақханалардағы орын тапшылығы өткір тұрғанын әрдайым айтып келеміз. Оны жасырған да емеспіз және мәселені шешу жолдарын да ұсындық – деді министр.

Осы орайда Мемлекет басшысының «Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн» - деген еске сала кеткен орынды.

Ал министр Алматыда жатақханада орын жетпей, қиын жағдайға тап болған студенттерге көмек көрсететін арнайы жедел штаб ашылғанын айтты.

Қыркүйек айында 7 мыңнан астам студентті бос орындары бар жатақханаларға, қонақүйлер мен хостелдерге орналастырдық. Ол штаб әлі де жұмыс істеп тұр. Орын таппаған студенттер тәулік бойы 8 778 655 60 83 байланыс телефонына хабарласа алады – деді Саясат Нұрбек.

Министрлік басшысы болғанына 100 күн толған Саясат саясаттан кетіп, білім саласындағы саясатты дамытуға ден қойды. Оның жұмысының нәтижесін биылғы оқу жылы аяқталғанда анық көреміз деген ойдамыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы