Жолдау: Президент тапсырмасы 5 бағыт бойынша жүзеге асады
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмалары қалай орындалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу” атты Жолдауында алға қойылған міндеттер бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады.
Олар:
1. Жаңа инвестициялық цикл;
2. Alatau City-ді дамыту;
3. Инфляциямен күрес;
4. Импортқа тәуелділікті азайту;
5. Экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту.
Жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есеге арттыру мақсатында жоғары инвестициялық белсенділікті ынталандырудағы мемлекеттің белсенді рөлі есебінен экономикалық өсудің жедел қарқыны қамтамасыз етіледі. Үкімет жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құруға болатын автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады, - деп айтты Жұманғарин.
Бұл салаларда еңбек өнімділігі деңгейі дүние жүзінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өнімділіктің орташа деңгейінен едәуір асады және тиісінше экономиканың өсуіне ықпал етеді.
Үкімет мүшесі атағандай, осы өлшемшарттарды ескере отырып, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп нарықты нақты түсінумен, инвестиция қажеттіліктерімен, жобалардың болжамды географиялық орналасуына қарай жобалар тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізеді. “Инвестицияларға тапсырыс” жобаларының жалпы жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады.
Талдау, құрылымдау және инвесторларды тарту бойынша жұмыс “Бәйтерек” холдингімен жүргізіледі.
Ұлттық Банкпен бірлесіп, 1 млрд АҚШ долларына дейінгі бюджетпен Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы Ұлттық қор мен екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тартумен әзірленеді.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Бектеновке инвестиция саласында ұсыныс әзірлеуге 10 күн берген еді.