Жолаушылар тасымалын дамыту бойынша жүйелі шаралар енгізіліп жатыр – ИИДМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы қарашада Премьер-министрдің өкімімен қалалық елді-мекендердегі жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені бекітілген болатын, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған кешен жергілікті атқарушы органдардың өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар көлік қатынастарын толық субсидиялауын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін көздейді.
Сондай-ақ келісілген әлеуметтік-еңбек саясатын жүргізудің жалпы қағидаттары мен сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында автомобиль көлігі саласындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған салалық келісімге қол қойылды.Тасымалдау нәтижесінде түсетін кірістің ашықтығын қамтамасыз ету үшін республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыс орталықтарында электрондық билеттеу жүйесі енгізілді, - делінген хабарламада.
Үкіметтің 2021 жылғы 21 қыркүйектегі № 644 қаулысымен бекітілген Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары шеңберінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Сонымен бірге заңнама талаптарына қарама-қайшы келетін жолаушылар тасымалына жол бермеу жөніндегі жол картасы қабылданды. Бұл заңсыз тасымалдаудың алдын алу бойынша маңызды шара.
Айта кетейік, пандемияға байланысты 2020 жылдың 17 наурызынан бастап тоқтатылған тұрақты халықаралық автобус қозғалысы биыл 3 мамырдан бастап қайта іске қосылды.
Қазіргі таңда Қазақстанда жолаушылар тасымалын тұрақты негізде 15,5 мың автобусы бар 1039 компания жүзеге асырады, ал халықаралық тасымалдар автобус паркінде 610 техникасы бар 61 кәсіпорынмен жүргізіледі.