Жолақы құны 150 теңге болады: Астанада автобус бағасы қашан және неге қымбаттайды?
Астанада қоғамдық көліктегі жолақыны 110-нан 150 теңгеге дейін өсіру мерзімі кейінге шегерілді. Қолма-қол ақшасыз төлем кезіндегі жаңа тарифті қазан айында 1 желтоқсаннан бастап енгізу жоспарланса, енді оны желтоқсанның ортасынан бастап белгілеу ұсынылып отыр.
Жолақы құнын көтеру жоспары туралы BAQ.KZ бұған дейін жазған болатын. Ол кезде негіздеме ретінде тасымалдаушылар шығынының өсуі аталған еді, ал қазір әкімдіктегілер де осы уәждерді алға тартып отыр.
Елордада 90 теңгелік тариф 2014 жылы белгіленген еді, 12 жыл ішінде ол тек бір рет қана қайта қаралып, қазіргі 110 теңгеге жетті. Осы уақыт ішінде дизель отынының литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттады, ал жүргізушілердің жалақысы автобус класы мен жұмыс режиміне байланысты 100-150 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан да жоғары өсті. Қосалқы бөлшектер, шиналар, аккумуляторлар, жөндеу жұмыстары мен жаңа автобустар да қымбаттады.
Есептеулерге сәйкес, 2026 жылы бір рет жүрудің орташа құны қазіргі тарифтен едәуір жоғары. Сонымен бірге, үш жыл ішінде тасымалдаушылар 1 127 жаңа автобус сатып алған. Әкімдіктегілердің түсіндіруінше, бұл қымбаттау көліктің тұрақты жұмыс істеуі, сондай-ақ парк пен бағыттар желісін әрі қарай жаңартып отыру үшін қажет.
Жеңілдігі бар азаматтар үшін тегін жүру құқығы сақталады. Олар: Ұлы Отан соғысының қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар, жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, зейнеткерлік жасқа жеткен жасы бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы алушылар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар, ата-анасының біреуімен бірге жүретін мүгедектігі бар балалар және 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарындағы саяси репрессия құрбандары.
Сонымен қатар Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі барлық балалар да тегін жүруді жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жол жүру ақысы өзгеретіні, жаңа тарифтер белгіленгені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Жолақысы – 750 теңге: Қарағанды облысында ауылдан қалаға қатынау жеңілдейді
Астанада LRT тарифі бекітілмек: Бір реттік жол жүру құны қанша теңге болады?