Жол апатында автобус жүргізушісі 30-дан астам адамды құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 наурызда таңертеңгі уақытта Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылында үш автобус пен жеңіл автокөліктердің қатысуымен жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. №1 автобус паркінің жүргізушісі апат кезінде 30-дан астам адамды құтқаруға атсалысқан. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

Бақдәулет Әлібек жол апатында зардап шеккен адамдарға шұғыл көмек берген азаматтардың бірі болған. Жол апаты орын алған сәтте, ол қарсы бағыттағы жол бойында өз автобусымен жүріп бара жатқан.

Көмекке мұқтаж адамдарды көрген Бақдәулет бірден автобусты тоқтатып, ішіндегі пассажирлерге жәрдемдесуін өтінген. 3 ер адамның көмегімен, ол есіктері бұғатталып қалған, әрі қатты соққы алған автобустан адамдарды эвакуациялауды ұйымдастырған. Олар бар күшімен есікті ашып, адамдарды сыртқа шығарған. Олардың арасында әртүрлі ауыр жарақат алған адамдар да болған.

Оның сөзінше, ол автопарктегі қауіпсіздік техникасының инструкциясы бойынша әрекет еткен. Сол себепті, бұндай жағдайда қандай амалдарды қолдану керектігінен хабардар болған.

«Адамдар үшін алаңдап, оларды құтқаруда көрсеткен белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін Бақдәулетке алғыс айтамыз», - деді «Астана LRT» ЖШС Қоғамдық қатынастар департаментінің бас менеджері Алия Джаркимбекова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 26 наурызда таңертеңгі уақытта Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылында үш автобус пен жеңіл автокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.  

Сонымен қатар, зардап шеккендердің арасында 1983 жылы туған Филиппин азаматшасы бар. Оның жағдайы орташа ауыр. Алдын ала диагнозы – кеуде қуысының жарақаты, жамбастың сынуы.

Жан түршігерлік жол апатының салдарынан 27 адам зардап шегіп, екі адам қаза тапты.

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы