Жол апатын жасап, Қонаевқа қарай қашқан: Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды
Полиция түнгі жол апатынан кейін қашуға тырысқан жүргізушіні ізін суытпай тоқтатты. Оның мас болғаны және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
Түнгі сағат үш шамасында «102» арнасына «Алматы–Өскемен» автожолында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түсті. Куәгерлердің айтуынша, жол апатына қатысушылардың бірі оқиға орнынан қашуға әрекеттенген.
Жетісу облысы патрульдік полициясының қызметкерлері хабарламаға жедел әрекет етіп, көлікті ізін суытпай қудалауды ұйымдастырды. Nissan Cefiro автокөлігі Қонаев қаласы бағытында қашуға әрекеттенген кезде тоқтатылды.
Көлік тізгінінде Ескелді ауданының 25 жастағы тұрғыны болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жолға шығар алдында алкогольдік ішімдік ішіп, кейін көлік басқарған. Қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, ол басқа Nissan Cefiro автокөлігімен соқтығысқан. Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғанын растады, - деп хабарлады Жетісу облысының Полиция департаменті.
Сонымен қатар, ер адамның бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол қайтадан мас күйінде көлік тізгіндеген.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде.
Жетісу облысының полициясы ескертеді: көлікті алкогольдік масаң күйде басқару жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған адамның осындай әрекетке қайта баруы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске сала кетейік, Астанада демалыс күндері мас күйінде көлік жүргізген 24 жүргізуші анықталды. Полиция мас күйінде көлік жүргізу жол қозғалысы қауіпсіздігіне, азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертті.
- Қызылордалық креаторлар Астанада 12,1 млн теңгенің өнімін сатты 22:51
- Семейдегі сауда орталығында әйелдің аяғы эскалаторға қысылып қалды 22:20
- Ақмарал Ерекешева Чехиядағы Гран-приде төрт жүлде жеңіп алды 21:48
- Атырауда «ALTYN ORDA» халықаралық садақ ату турнирі өтіп жатыр 21:11
- БРИКС, БАӘ және транзит: Қазақстан экономикалық мүмкіндіктерін қалай кеңейтуде 20:59
- БРИКС плюс: Қазақстан транзит пен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейтуде – Сарапшы 20:58
- Жапонияда үкімет қайта жасақталады: Такаити қарсыластарын қызметінде қалдырмақ 20:55