Жоғары жалақы, баспана: Шымкент мұнай зауытына жұмысқа қалай орналасуға болады?

Шымкент мұнай өңдеу зауыты – Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен маңызды инвестициялық жобаларының бірі. Модернизациядан өткен зауыт былтыр 6,2 млн тонна мұнай өңдеп, рекорд орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты бүгінгі күні қалай жұмыс істеп жатыр? Зауыттың алға қойған жоспары қандай? Мұнайшыларға қандай жағдай жасалған. Осы сұрақтардың жауабын мұнайшылардың өзінен сұрап көрдік.

Бұған дейін Қытай елшілігінің қазақстандық БАҚ өкілдеріне екі ел арасында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстыру мақсатында өңірлерге баспасөз турын ұйымдастырғанын хабарлаған едік. Ақпараттық турды СҚО облысында орналасқан «Тайынша май» зауытынан бастаған болатынбыз.

Енді бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауыты жайлы әңгімелесеміз.

БАҚ өкілдері зауытқа кіру үшін алдын ала тіркеуден өтіп, тізім бойынша кірді. Зауыт территориясына өтпес бұрын алдымен зауыт аймағында қалай жүру керегін, қандай қауіпсіздік талаптарын сақтау керегі жайлы ақпаратпен таныстық.

Қайта жанданған Шымкент МӨЗ

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бас инженерінің орынбасары Чэн Вэй зауыттың тарихымен қысқаша таныстырып өтті.

2013 жылдан 2018 жылға дейін зауытта жаңғырту (модернизация – ред.) жобасы жүзеге асырылды. Бұл жұмысқа бірқатар кәсіпорын қатысты. Яғни осы ғимаратта жобаны басқарды. Жаңғыртуды жүзеге асыруға атсалысқан компаниялардың атаулары, өздеріңіз көріп тұрғандай, ғимараттың сыртында ілулі тұр. Мұнда әлемдік деңгейдегі америкалық, франциялық, италиялық компаниялар бар. Олардың кейбірі техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеумен, кейбірі жобалаумен, сонымен қатар кәсіпорынның техникалық қадағалауымен айналысты, - деді ол.

Бұл зауыттың макеті.

Зауытты үш бөлікке бөлуге болады. Біріншісі - технологиялық қондырғылар, яғни мұнай өндіретін барлық қондырғы, екіншісі - тауар-көлік басқармасы және жалпы зауыттық шаруашылық объектілері, - деп айтты Чэн Вэй.

Сөзінше, модернизацияға дейін зауытта тек бастапқы қайта өңдеу қондырғылары ғана болған. Яғни мұнай өнімдерінің сапасына жоғары талаптар қойылмады. Сәйкесінше, әрине өндірілген мұнайдың сапасы да қазіргідей жоғары болмады.

Модернизациядан кейінгі негізгі мақсат, ең алдымен, мұнай өнімінің сапасын көтеру болды, екіншіден, мақсатты өнімдерді шығаруды арттыру. Сол себепті модернизациядан кейін зауытта өнім шығаруды жылына 6 млн тоннаға дейін қалпына келтіре алдық. Бізге керек бензин, дизель, керосин, сұйытылған көмірсутек газдарын өндіру шамамен 80% болды. Ал мұнай өнімдерінің сапасы Еуро-4, Еуро-5 экологиялық стандарттарына жетті. Мысалы, соңғы жылдары автокөлік саны көбейсе де, жолда ластаушы газдардың иісі қатты сезілмейді, - деп айтты қытайлық мұнайшы.

Модернизациядан өткен зауытта жаңа құрылғылар орнатылған. Осыдан кейін зауыт сапалы өнімге қол жеткізіп, зауыттың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға мүмкіндік алды.

Зауытта шамамен 1 832 адам жұмыс істейді. Олардың 22-сі қытайлық мұнайшылар, қалғаны жергілікті тұрғындар. Егер пайызбен есептейтін болсақ, зауыттағы қызметкерлердің тек 1%-ы қытайлық.

Зауытта жергілікті тұрғындар жұмыс істейтіндіктен басқа мұнай зауыттарындағыдай вахта режимі жоқ. Зауыттың штатын екі бөлікке бөліп қарастыруға болады. Олар: әкімшілік-басқару персоналы және қызмет көрсету персоналы. Барлығы зауыт учаскесінде орналасқан тиісті ғимараттарда жұмыс істейді. Жұмыс режимі кесте бойынша жүргізіледі. Зауыттағы жұмыс барынша автоматтандырылған. Операторлар қондырғыларды экраннан бақылап отырады. Зауыт қызметкерлердің денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмайтынын айтады.

Мұнай зауыты өртке қауіпті және зиянды аймаққа жататындықтан қызметкерлерге иммунитетін көтеріп отыру үшін сүт өнімдері беріледі. Сонымен қатар әр цехта асхана бар.

Шымкенттік мұнайшылардың жалақысы қанша?

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС техникалық директоры Бақыт Ерегеновтің мұнай өңдеу саласында 34 жылдай тәжірибесі бар. Ал Шымкент мұнай зауытында еңбек етіп жүргеніне 10 жылдай болған.

Өздеріңіз білетіндей, зауытты қайта қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарын 2018 жылы аяқтадық. Барлық негізгі құрал-жабдықтар қысқа мерзімде және кідіріссіз Қытайдан жеткізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын қытайлық компания дер кезінде жүргізіп, эксплуатацияға берді. Сөйтіп жылдық мұнай өңдеу көлемі 6 млн тоннаға жетті. 2022 жылдың соңында зауыт рекордтық 6,2 млн тонна мұнай өңдеді. Кепілдік мерзімі кәсіпорынның көрсетілген режимде жұмыс істейтінін көрсетті, ескертулер жоқ. Енді профилактикалық жөндеу үшін зауытты жыл сайын тоқтатудың қажеті жоқ, біз үш жылдық жөндеу цикліне көштік. Кәсіпорын тағдырында қытайлық инвестормен ынтымақтастық шешуші рөл атқарды. Модернизацияға дейін мұнай өнімдерінің сапасы еуропалық стандартқа немесе біз айтқандай, Кеден одағының экологиялық техникалық регламентіне сәйкес келетін. Одан кейін К-4 және К-5 экологиялық стандартындағы жоғары октанды бензиннің жаңа түрлерін шығара бастадық, - деп түсіндірді мұнайшы.

Қазіргі күні зауытқа мамандар қабылданып жатыр. Мұнайшылардың орташа жалақысы шамамен 570 мың теңге көлемінде.

Жұмыс жағдайын әрі қарай да жақсартуға тырысамыз. Зауытқа тәжірибесі бар адамдарды аламыз. Қазіргі күні инженерлер, технологтар, операторлар мен машинистер, электриктер қажет. Қазіргі уақытта бізде бос орындар бар. Маман тапшылығы да сезіледі. Жұмыспен қамту «Самұрық қызмет» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Белгілі бір лауазымға үміткерлер электронды платформада тіркеліп, конкурсқа қатысады. Іріктеуді талапкерлердің білімі мен құзыреттілігін бағалайтын арнайы комиссия жүргізеді, - деп айтты Бақыт Ерегенов.

Оның айтуына қарағанда, зауытта еңбек жағдайы басты назарда. Қызметкерлерді қолдаудың жаңа бағдарламалары әзірленіп отырады. Былтырдан бері зауыт жас мамандардың баспана мәселесін шешуге көмектесіп, балаларды мектепке дайындауға, жазғы демалысын қаржыландыруға, оқу ақысын төлеуге көмектесіп келе жатыр.

Модернизациядан өткен зауыттың алдағы жоспары

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бірінші вице-президенті Жиюань Цзян. Ол - қытайлық CNPC компаниясының өкілі.

Ол атап өткендей, «ПетроҚазақстан» - Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» және Қытайдың CNPC компаниясы басқаратын бірлескен жобасы.

Кәсіпорынды кеңейту жобасы зерттеу сатысында. Биыл мамыр айында ПҚОП алдын ала ТЭН дайындауды аяқтап, құжат екі акционерге жіберілді. Онда зауыттың кеңеюіне байланысты барлық мәселе, соның ішінде шикізатпен қамтамасыз ету, оны тасымалдау, тәуекелдердің болуы және басқа да мәселелер баяндалады. Жобаны іске асыру бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі, алдын ала дайындалатын ТЭН (Техникалық-экономикалық негіздеме), одан кейін ТЭН дайындау мәселесі тұр, шартқа қол қою, жобалау, іске қосу. Әр кезеңді іске асыруға нақты уақыт қажет етіледі, - деді ол.

 

Сөзінше, екі жақ жобаның жүзеге асырылуын қолдап отыр. Оны іске асырға шамамен 7 жыл қажет болуы мүмкін. Бүгінгі күні зауытты кеңейту бойынша жұмыс тобы құрылған. Олар күн сайын осы мәселені талқылайды.

Инвестицияның мөлшері таңдалған бағытқа байланысты болады. Алдымен қандай векторды дамытып, қандай қондырғыларды салу керек екенін анықтау қажет. Әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ. Әлеуетті кеңейту үшін жұмыс тобын құрдық. Бұл - барлық мүдделі тарапты байланыстыратын «көпір». Шешімді екі акционер бірлесіп, қабылдайды, - деп атап өтті Жиюань Цзян.

Бүгінгі күні Шымкент мұнай зауытында 6 млн тонна мұнай өндіріледі. Нарықтағы мұнай өнімдерінің шамамен 30-40%-ын осы зауыт қамтып отыр. Мысалы, керосиннің көп бөлігі осы зауытта өндіріледі, ол шамамен 60%.

Жиюань Цзян Қазақстанға алғаш рет 2022 жылы келген. Былтырдан бері осы зауытта жұмыс істеп келеді. Ал мұнай саласындағы тәжірибесі 1994 жылдан басталған. Қазақстанға дейін Алжирде (Солтүстік Африка – ред.) жұмыс істеген. Сөзінше, оған Қазақстан көбірек ұнайды. Жергілікті әріптестері де ортаға сіңісіп кетуге көп көмектескен.

Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық - біздің нақты қатысуымыздың, біздің қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимыл мен достық қарым-қатынасымыздың көрінісі. Бізде қазір қалыптасқан осындай өзара түсіністік жағдайында ғана зауыттың өндірістік қуатын кеңейту сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асыруға болатынына сенімдімін, - деді ол.

Жиюань Цзян журналистерге жергілікті асханадан дәм татқанын, әсіресе, қазақтың бауырсағы өте дәмді екенін де айтты.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керегіне баса назар аударғанын еске сала кетейік. Тоқаев атап өткендей, өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы