ЖИ және кино: Қазақстандағы фестиваль жасанды интеллект арқылы бір адамның фильм түсіре алатынын дәлелдеді
БАӘ Жасанды интеллект министрі Омар әл-Олама Қазақстанда өткен ЖИ-фильмдер фестиваліне қатысқанын айтып, заманауи технологиялардың арқасында бір ғана адамның үлкен команда мен миллиондаған бюджетті қажет ететін туындыларды өзі-ақ өндіре алатынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БАӘ-нің Жасанды интеллект және цифрлық үкімет саласындағы бастамалары мен сөздерінде Қазақстанның тәжірибесі ерекше назарға алынды.
Министр Омар әл-Олама Қазақстанда өткен жасанды интеллект фильмдерінің фестиваліне қатысқанын жеткізді.
Оның айтуынша, аталмыш іс-шарада бір ғана адам бұрынғыдай үлкен команда мен қомақты қаржыны (миллиондаған долларды) талап ететін фильмдер мен сапалы контентті жасай алатыны көрініс тапты. Бұл жаңашылдық адамдардың шығармашылық әлеуетін көрсету тәсілін түбегейлі өзгертіп жатыр.
Министр мұндай құралдардың әлеуметтік желілерде танымал инфлюенсер болуды міндеттемей-ақ, жаңа заман талаптарына сай контенттен табыс табуға кең жол ашатынын айрықша атап өтті.
БАӘ министрі Омар әл-Оламаның айтуынша, ЖИ жекелеген адамдарға әлдеқайда үлкен командалардың өнімділігін бере алады, сондай-ақ бір адамнан тұратын ойын-сауық студиялары да пайда болады.
«Біз 20 миллион долларлық немесе миллиард долларлық компанияға айналатын бір адамдық компаниялардың пайда болғанын көреміз. Олар бір адам мен агенттерден тұрады», - деді ол.
Оның айтуынша, ЖИ-агенттер адамның қабілетін, дағдысын және ықпалын «еселей» алады. Бұл БАӘ сияқты елдерге халқы жүздеген миллион немесе одан да көп нарықтармен бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада 125 елден келген үздік AI фильмдері көрсетілетіні хабарланды.