ЖИ қолданысы кеңейсе жұмыс орны азая ма? - Президент жауабы

Цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн, – деді Тоқаев.

Президент ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет екенін айтады.

«Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Digital Bridge форумында болашақта әр маман ЖИ туралы базалық білім алуы керек екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Тоқаев неге жасанды интеллектіні назарда ұстау керегін айтқан еді. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы