Бүгiн 2026, 11:01 Фото: freepik.com

ЖИ өлім-жітімді 40%-ға азайтуға көмектесті

Cerebra AI компьютерлік томография (КТ) суреттерін бұрынғы 30 минуттың орнына 5–10 минут ішінде талдай алады тоолл.

Қазақстанда инсультті ерте анықтауға арналған жасанды интеллектінің арқасында өлім-жітімді 40%-ға азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI.

Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады, – деп атап өтті вице-премьер.

Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілген.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар жеті мың алты жүзден астам пациенттің деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі, сондай-ақ уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалады, – деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ЖИ көмегімен ауруларды ерте диагностикалау қолға алынғанын жаздық.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға түрлі салада 50 жасанды интеллект агенті көмектесетіні хабарланды.