17 Қыркүйек 2026, 09:51 Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазғанның жаңа әкімін таныстырды. Қала басшылығына бұған дейін Сәтбаевты басқарған маман келді.

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін облыс әкімі қала активіне Жезқазғанның жаңа басшысын таныстырды. Бұдан былай облыс орталығын Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев басқарады.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Мұрат Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген.

Ол бірнеше жоғары білім алған. Атап айтқанда, «Металлургия», «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесіне, сондай-ақ мемлекеттік менеджмент мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие.

Жаңа әкім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Мұрат Бөрібаев Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Сәтбаев қаласының әкімі қызметін атқарған.

Осылайша, бүгіннен бастап Жезқазған қаласының әкімі қызметін Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев атқарады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Шайжанов Жезқазған әкімі қызметін аяқтағанын мәлімдеді. Ол қала тұрғындарына алғысын айтып, бұл шешімге қатысты жүрекжарды сөзін жеткізді.