Жетісуда жүгерінің 63% ғана жиналған
Жаркенттік шаруалардың басым бөлігі жүгерішілер. Олар биыл 25-ке жуық гектар жерге дән сепкен. Қазір сол алқаптың 14,6 гектарының ғана өнімі жинап алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазан айының жаңбырлы күндері қызылша, жүгері секілді өнімдерді жинауда кедергі келтіріп отыр. Тәтті түбір ретімен жүре берер, бұл жерде ылғалдығына байланысты бағасы бағаланатын «дала аруының» жайы мәз емес. Оны жүгерішілердің өздері де айтып отыр.
Биыл тұқымды кеш септік. Таудан түсер қарғын судың уақытылы ерімеуіне байланысты су жетпеді. Кейбір шаруалардың өнімі ойдағыдай шықты деп айта алмаймын. Оның үстіне жүгері шаруашылығын азайту бойыншы министрліктің арнайы тапсырмасы да бар. Жалпы өңірдегі жүгері саласы дамыған әрі көбірек егетін Панфилов ауданы саналады. Бұл жерде шаруалардың 70% жүгері дақылымен айналысады. 3 мыңға тарта шаруашылық бар. Олардың дені заманауи құрылғыларды пайдаланады. Біз қазір өнімді жинап, кептіріп жатырмыз. Зауыт ылғалдығына байланысты жоғары бағада сатып алады, - дейді жүгерші Рафиль Тансукбаев.
Жалпы, Жаркенттіктер гектарынан 150 ц өнім алып жатыр. Бұл жақсы көрсеткіш саналады. Үлкен қожалықтар ылғал сақтау технологиясын пайдаланып, өнімін зауытқа жақсы бағады ұсынып отыр. Осы күні Алмалы ауылындағы қырман жаңғыртылған. Оған қоса шаруаларға берілетін субсидия көлемі ұлғайып, 6 мыңнан 10 мың теңгеге дейін артқан.
Осы жылы «Жаркент крахмал-сірне» зауыты жүз мың тоннаға дейін жүгері қабылдайды. Қазір соның жартысына жуығын қабылдап үлгерді. Одан бөлек тағы 3 кәсіпорын шикізат қабылдауға дайын. Олар «АзияАгроФуд», «Уыз Май Индастри» және «Астық Халық Экспо» өндіріс орындары. Осы күні жүз тоннадан астам өнім қамбаға түсті, - дейді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.