Жетісу топырағы тозып барады

Былтыр 400 мың гектарға тарта жер зерттеліп, оның тең жарымынан ғана топырақ бонитеті анықталған. Жетісуда әлі де зерттеуді қажет ететін жер көп. Көбінің зерттеу материалдары ескірген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шаруалар топырақ имунитетінен бейхабар

Былтыр жерге зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік институт құрылғаны белгілі. Көп ұзамай оның Жетісуда филиалы ашылды. Соған жауапты маман Асқар Жолдоғұтов айтуынша, аталған институт облыс көлемінде заңды һәм жеке тұлғалардың өтініші бойынша топырақты бонитеттеу және іздестіру қызметімен шұғылданады. Одан сапалық сипаттама жасап, бонитет балы анықтамаларын береді. Топырақтың цифрлық картасын да жасайды.

Жақында Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісуда филиалы құрылды. Жыл басында коммерциялық емес акционерлік қоғамынан бөлініп шықты. Өңір аграрлы салаға басымдық бергеннен кейін, топырақты зерттеу бізге міндет. Ірі масштабты топырақ іздестірулерін жүргізу жөніндегі әдістемелері нормативтік-құқықтық актісі негізінде қызмет көрсетіледі. Біз «Жер мониторингін жүргізуді, топырақтық және геоботаникалық зерттеулер жүргізуді қамтитын жерлердің сапасын есепке алу» мемлекеттік тапсырмасы шеңберінде біршама материал анықтадық. Байқағанымыз, егіншілікпен айналысатын шаруалар топырақ имунитетін ескермейді, - дейді Жолдоғұлов.

Оның айтуынша, суармалы және егін егуге келмейтін жерлердің зерттеп-қарау маңызды. Кейбір жерлерден 10-15 жылға жеткен, ескірген материалдар кездеседі. Эрозияға ұшыраған аймақтар да бар. Соңғы жылдары шаруашылық алқаптарында елеулі өзгерістер орын алған. Мысалы, облыста 1-2 жыл ішінде толықтай мелиорацияға ұшыраған ауылдық жерлердің тағдыры алаңдатады. 3-4 жыл шеңберінде қарқынды эрозия үдерісі жүрген кейбір қожалықтарға мән беру қажет. Қазір ауыспалы егін жоқтың қасы. Ол ол ма топырақты бонитеттеу картограммасы бар болғанымен, зертханалық талдау деректері жоқ елді мекендер байқалған.

Көпке аян, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы саласында топырақтың құнарын сақтаудың маңыздылығын айтқан еді. Тіпті министрлікке осы бағытта топырақтың құрамын зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған. Дегенмен Жетісуда ауыспалы егін жүйесі жолға қойылмағандықтан, осындай кедергіге тіреліп отырғандай. Жылда шаруалар өзінің меншікті аумағына бір дақылды себеді. Ең өкініштісі, 7-8 жылдан бері бір егістікке қант қызылшасын сеуіп келе жатқан шаруалар да бар.

Өңірде топырақтың құнарлы бөлігі жылдан жылға кеміп барады. Мәселен, қант қызылшасын арамшөпке жем қылмау үшін қазір сала мамандары түрлі дәрі-дәрмекті үйіп төгуде. Қазір қолданып жүрген дуал голд, фронтьер оптима, вегетация мерзімінде берілетін лонтрел, зеллек супер, бицепс гарант, бетанал секілді химиялық дәрілер арамшөппен қатар, топырақты эрозияға ұшыратады. Жетісу табиғаты нулы мекен, жабайы өсімдіктер тығыз өседі. Ал тәтті түбір табиғатынан әлжуаз, арамшөп бітік шықса, салмақ бермейді. Сондықтан шаруалар химиялық ресурстарды молынан пайдаланады, - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Абулхаир Бексұлтанов.

Бонитет баллын анықтау жұмысы жүргізіледі

Қазір мамандар өңірдегі топырақтың сапасын сақтап қалу жұмыстарымен белсене айналысып жатыр. Себебі де түсінікті, егінсіз өңірдің сәні кірмейді. Ал шаруалар топыраққа тыныштық бермесе, түбі күлге айналуы мүмкін немесе өнімге жарамсыз құр құм секілді құнарын жоғалтады. «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы алдағы уақытта толық зерделеу жұмысын тәмамдап,

электронды цифрлы топырақ картасын дайындауды қарастырып отыр.

Әрине, бізге топрықтың табиғи қалпын сақтап қалғаны маңызды. Осы жылы 400 мың топырақ толық зерттеліп, 250 мыңнан астам гектар ауылшаруашылығы жерлеріне бонитет баллын анықтау жұмысы жүргізіледі. Сол арқылы біз жарамдылығын әрі құнарлылығын нақты айта аламыз. Эрозияның түр-түрі бар, оның бәрін шаруаларға түсіндіру қажет. Әйтпесе өнімді көбейту үшін әртүрлі қоспаларды қосып, жердің қыртысын бұзады. Ауыспалы егістікті де қолға алу қажет, - дейді Жолдоғұлов.

Жетісу сан алуан топырақ түрі бар, оны ғалымдар жақсы біледі. Ең өкініштісі, олардың бәріне зерделеу жұмыстары жүрмеген. Мұнда таудың қарашірікке толы құнарлы топырағынан шөлдің қызыл құмына дейін кездеседі. Өкінішке қарай, табиғи және антропогендік әсерге байланысты сапасы құлдырапы, тозу деңгейі үдеп бүгінде қиындықтар туындап жатыр. Қазір жауапты мамандар соған алаңдап отыр. Ал шаруалар үшін әуелі алған өнімінің көлемі маңызды. Бәрі бірдей жерге демалыс бермейді.

Біз мемлекеттен жерді жалға аламыз, болмаса ірі шаруалардан жалға аламыз. Жалға алған соң еккен өнімін молынан шықса дейсін. Қазір жердің құнарын арттыратын түрлі дәрі-дәрмек бар. Оның үстіне көн төгіп, жылда қопарамыз. Бірақ көн төккеннен кейін арамшөп екі есе шығады. Сондықтан химиялық қоспалармен оны өлтіруге қам жасаймыз. Бір жігіттер сая мен жүгеріден кейін қызылша ексең жақсы дейді. Оған мүмкіндік жоқ. Жері үлкен ірі қожалықтар болмаса шағын-орта шаруаларға ауыспалы егістік деген арман ғой, - дейді көксулық шаруа иесі Жанат Аязбаев.

Жерді іздестіру бөлімінің мамандары мұрағаттағы ескі топырақ материалдарын қайта қарауда. Далалық топырақ карталарын және журналдарды әзірлеп қойған. Бүгінде соған сай осы далалық кезеңге дайын отыр. Алдағы уақытта сынамалар алынып, зертханаға жолданады. Осылайша, топырақ картасының далалық нұсқасы сызылады. Дәл қазір бұл табиғатты сақтау үшін жасалған маңызы зор жүйелі жұмыстың бірі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы