Жетісу қант қызылшасын қайтсе көбейтеді?
Жетісулықтар қант қызылшасының көлемін 11 мың га жерге егуге бел байлап отыр. Былтырмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Салмақ шағын шаруаларға түспек. Ал олар су мен техниканың тапшылығын айтып шырылдап отыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
2 ауданға 1 техника
Мемлекет басшысы тәтті түбірді молынан егуді тапсырғалы жетісулықтар көзді жұмып жерді молынан жыртуда. Техникасы тегеурінді үлкен шаруалар жерден жеті қоян тапқандай жанұшыра егін басында жүр. Олардың қорқатын түрі жоқ, іргесіне су да келіп тұр, тамшылатып суғарса да, жаңбырлатып суғарса да өз еркі. Себебі лизингті пайдаланып, заманауи құрал-жабдықтармен қаруланып алған. Бізді алаңдататын жерді уақытша жалға алып, тұқым сепкен ауылдағы ағайынның жайы. Олардың өкпесін құлақ түрмесек, енді өңірде екі жылда 15 мың гектарға дейін қызылша алқабы болады деген мақсаттың күлі көкке ұшады.
Былтыр алакөлдік шаруалар сарқандық шаруалардың техникасына телміргені белгілі. Оны басылым бетіне бірнеше рет жаздық. Ол мәселе жуықта шешілмейтініне көзіміз жетті. Көлбайлықтар техника күтіп, жаңбырға ұрынып қалғаны мәлім. Абырой болғанда шаруалар шығынға батпады. Ал жаңбырлатып суғару технологиясын меңгеру оңай емес. Оның құны өте қымбат. Сондықтан өңірдегі шаруалардың 70-80 пайызы бұл әдісті пайдалана алмай отыр. Сосын өнімді молынан алу үшін түрлі химикат қосылады. Топыраққа обал. Кеңес дәуірінде ауыспалы егін деген ұғым болатын. Қазір табыс табу маңызды, - дейді шаруа иесі Алпамыс Алтай.
Біздің бір байқағанымыз, шаруалардың мәселесі қаржыға келіп тіреледі. Қараңыз, енді шағын шаруалардың кәсібін дөңгелету үшін несие ауадай қажет. Ал енді оған оңай қол жетсің бе? Қыруар құжатты түгендеуіңіз шарт. Субцидияны да осы мәселенің қатарына қосып қойыңыз. Ол ол ма, көктем келіп дала жұмыстары қызған шақта жанар-жағармай бағасы лезде өсіп кетеді. Шаруа адамы үшін бұдан асқан сорақылық жоқ. Ең жаманы, бұл түйткілдер жыл сайын осы маусымда қайталанады.
Бүгінде өңірдегі қант зауыттары қызылша өңдеу үдерісін толығымен аяқтады. Былтыр гектарына шаққан 420 центтерден өнім көрсеткен шаруалар облыстың абыройын асқақтатты. Себебі, бұл бұрын қонбаған меже еді. Мұны облыстық ауылшаруашылық басқармасы былайша түсіндіріп отыр. Мемлекет тарапынан жасалған көмек шаруаларды табысқа жетелеген. Мысалы, тұқым, тыңайтқыш, пестицид және ауылшаруашылығы техникалары мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуға, суармалы егіске су жеткізу қызметтеріне жұмсалатын шығындарды ішінара өтеуге 25-50 пайыз жеңілдік жасалған. Бұл жылдағы мәселелерді оңтайлы шешуге үлкен мүмкіндік берген. Бұған сенбейін десек, көрсеткішке көңіл толады.
Агроном Азат Бестібаевтың айтуынша, қызылша өңдірісінде жаңа технологияның маңызы зор. Былтыр облыста конвизо смарт жүйесін 10 шаруашылық қолданған. Ондағы егіс көлемі 530 гектар. Нәтижесінде гектарынан орта есеппен 650 центнерден өнім түскен. Бұл өте жоғары көрсеткіш.
Біз химиялық тыңайтқыштардан қашсақ, онда көрсеткіш көлемі өте төмен болады. Қазір шетелдік шаруалар калледония, данута, аламея, иберия, смарт джаконда гибридтерін қолданады. Бұларда фотосинтез қарқындылығы ерекше байқалды. Жерді өлтірмеу үшін осы тыңайтқыштардың маңызы зор. Мәселен былтыр 170 гектар егістіктің 80 тонна түсім алған шаруалар бар. Ал жекелеген танаптардан 100 тоннадан астам өнім жиналған. Шаруалар заманауи материалдарды пайдалана отырып, егіннің масштабын арттыра алады, - дейді А.Бестібаев.
Арамшөптен арылмай іс бітпейді
Облыста қант қызылшасы агротехнологиясында әлі шешімін толық таппаған тағы бір мәселе бар, ол – егістікті арамшөптен арашалау. Яки, жаз айында алқапты барынша таза ұстау маңызды. Бұл тәтті түбірдің салмағына әсер ететін басты фактордың бірі. Біздің өңір жауын шашынға мол жауатын өңірлер қатарында, сондықтан облыс өңір агрофоны табиғатында арамшөптер тығыз өседі. Ең жаманы бір, екі және көпжылдық, жаздық, күздік, қыстық, тамыр мен өзек тартатын рудеральды, сидеральды арамшөптердің қырықтан астам түрі кездеседі. Олардың тұқымдастары қалың әрі бітік өседі.
Бүгінге дейін арамшөптердің алдын алуға гербицидтердiң классикалық жүйесі қолданып келеді. Топыраққа тұқым себу алдында шаруалар дуал голд, фронтьер оптима шашады. Одан кейін лонтрел, зеллек супер, бицепс гарант, бетанал вегетация мерзімінде беріледі. Бұлар бөтен өсімдіктің 90 пайызын жоюға қабілетті. Ал көпжылдық шырмауыққа, кекіреге, сары шырмауыққ шамасы жетпейді. Ал қант қызылшасына кері әсер етітін осы арамшөптер. Олардың тамыры жуан әрі қарсыласын жоюға бейім келеді. Ғылымға сүйенсек, суармалы алқапта 1 гектар жерді жырту барасында топырақ ішінде жарты миллиард шамасында арамшөп қоры жатады екен. Ең қиыны, олардың тіршілік мерзімі 20-30 жыл, - дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Абулхаир Бексұлтанов.
Оның айтуынша, қалған 10 пайызға жуық гербицидке жойылмай қалған қурай шөп өскіндері суғарған сайын жаз бойы тағы миллиондап өскіндейді. Бұл жағдайда шаруалар қайтсін, жаз бойы отақты қолмен жұлып, еңбек күшін жалдап әбігер болады. Жалпылай алғанда, тәтті түбір өсімдігі табиғатынан арамшөптерге төзімділігі өте төмен екенін ескерсек, бұл нағыз – апатия. Осы ретте жоғары айтылған конвизо смарт жүйесінің тиімділігі зор. Оны пайдаланған егістіктер 99 пайыз арамшөптен арылады.
Біз гибридтерді сортсынау негізінде жаңа гибрид-будандар ойлап таптық. Атап айтсақ, терраново, концертина, смарт гибрид, калидония, иберия, данута. Бұлар егістіктің өз деңгейнде шығуна жәрдемдесіп қана қоймай, бітік шығуына күш салады. Жаңа гибриттер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізіліміне енгізілді. Алдағы уақытта шаруалар толық пайданала алады деген ойдамыз, - дейді KWS компаниясы тарапынан арнайы өкілі Руфат Наджапов.
Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 7 мың гектарға артып, 524,8 мың гектарға жетпек. Ең маңыздысы, биыл өңірде дақылдарды әртараптандыру жүйесі қолданбақ. Әрине бұл ретте қант қызылшасымен қатар майлы дақылдар мен мал азығының егіс көлемі өз биігінде қалады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір көктемгі ылғал жабу, тырмалау, себу жұмыстары қолға алынған. Биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізіліп жатыр. Осы жерде нақытлай айтсақ, биылғы тәтті түбір межесі 11,5 мың гектар. Бүгінде соған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым әзір. Оның 9,6 мыңы атақты Көксу қант зауытына тиесілі, қалғаны жергілікті «Жетісу» ӘКК-де қарастырылған.
Бүгінде 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайтқышқа ие болды. Одан бөлек қоймаларда 3 049 тонна қажетті минералды қорек бар. Осы мезгілдегі дала жұмыстарына 4124 тонна дизель отыны бөлінді. Оның бағасы литріне 250 теңгені құрайды. Дала жұмыстарына барлығы 23 мың бірлік техниканың дайын тұр. Оған қоса қант қызылшасын өсіруге бағытталған 8 сервистік-даярлау орталығы құрылды. Осы бағытта жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Оған сепкіш, жапырақ жинағыш, комбайн сияқты 62 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынады. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Қазагроқаржы» филиалына 2,2 млрд.теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруашылыққа 1,4 млрд.теңгеге 131 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Сонымен қатар 61 шаруашылыққа «Аграрлық несие корпорациясы» 948 млн.теңге несие берді. Шағын шаруаларда құр қалмайды, - дейді облыстық ауылшаруашылық басқарамысының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Биыл бекітілген лимитке сай вегетациялық кезеңіне 1,3 млрд текше метр су беру жоспарланған. Осы сәтте су қоймалары барынша мол су жинауды қарастырып жатыр.
Қазір өңірде Ақсу мен Көксу зауыты қатар істеп тұр. Дегенмен Ақсу зауытына біраз аяқтан тартқаны мәлім. Егер шикізат мол болса зауыт басшылығына неғұрлым тиімді. Жұмысшыларда маусымды демалысқа жібермейді.