Жетісу әкімі денесі табылған білім бөлімінің басшысы туралы айтты
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өзен бойынан табылған қалалық білім бөлімі басшысының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шын мәнінде Қаратал өзенінің жағасынан Талдықорған қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысының мәйіті табылды. Қазір құзырлы органдар тексеріп жатыр. Мен алдын-ала ешнәрсе айта алмаймын. Рас, Талдықорған қалалық білім бөлімінің бухгалтерлеріне қатысты іс қозғалды. Неге облыста білім бөліміне қатысты даулы оқиғалар көбейіп кетті? Жауабын бірге іздейік, - деді әкім.
Оның айтуынша, бұл тек Жетісу облысында болып жатқан жағдай емес.
Бұл тек білім беру саласында емес, еліміздің көптеген аймағындағы денсаулық, мәдениет, құрылыс, автожол саласында да шығып жатқан былықтар. Құзырлы органдар ақпарат берді. Желтоқсан айынан бастап мен тапсырма бердім. Түгелімен қылмыстық топты қолға түсіргенге дейін бұл жабық болады. Ешкімге айтқан жоқпыз. Ақыры түгел түсті. Енді олар қазір кінәсін мойындады. Тергеу жүріп жатыр. Марқұм Роза Барманованың бұл іске қатысы бар ма, жоқ па, қандай себептен өмірден өтті, оны тергеу органдары анықтай жатар, - деді Бейбіт Исабаев.
Облыс әкімінің айтуынша, Роза Барманова тамыз-қыркүйек айында басқа бір заң бұзушылық мектепке қажетті гаджет планшеттерге байланысты іс қозғалып, жұмысында кемшіліктер болып, айыппұл салынып, қызметінен алынған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Талдықорғанда білім бөлімі экс-басшысының денесі Қаратал өзені маңынан табылды.