Жетісайдан ірі қалаларға қырыққабаттың алғашқы өнімдері жіберіледі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда ресми мәлімет бойынша коронавирус індетін жұқтырғандардың саны Түркістан облысы бойынша 33-ке жетті. Өңірде орнатылған блок-бекеттердің саны қырықтан асты.

Жалпы облыс бойынша Жетісайда – 13, Кентау-5, Ордабасы – 1, Сайрам – 2, Мақтаарал – 4, Арыс – 6, Сарыағаш – 1 тұрғыны індетке шалдыққан. Арыстық 2018 жылғы сәби, Кентау қаласының 1982 жылғы, 2003 жылғы, 2005 жылғы тұрғындарынан алынған талдама нәтижелері бойынша олардың вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы Шымкентке Нұр-Сұлтан бағытындағы 076 пойызбен келген жетісайлық азаматшамен байланыста болған науқастардың жақын туыстары. Соңғы түскен мәліметке сәйкес, 1990 жылғы Жетісай қаласының тұрғыны да коронавируспен ауырып жатқан науқаспен жақын байланыста болған.
Бүгінде коронавирус індеті шыққан ауылдарға карантин жарияланған, ешқандай адамдар мен көліктер кіріп, шыға алмайды. Тек азық-түлік пен жедел жәрдем, дәрі-дәрмектер мен өрт сөндіру көлігін кіргізуге ғана рұқсат бар. Індет жұқтырған 1998 жылғы және 2005 жылғы жасөспірім екеуі де Жетісай қаласының тумасы, күні кеше қайтыс болған зейнеткердің жақын туыстары. Ал 2017 жылғы бала – Мақтаарал ауданы Атакент ауылының Нұр-сұлтан пойызы бағытымен келген науқастың жиені. Қарап тұрсаңыз, Алматыдан келген қайтыс болған кісі мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген азаматша бүкіл туыстарына, жақын адамдарына індет жұқтырған. Бұл мәліметтер бізге не айтады? Бұдан шығатын қорытынды, қазіргі таңда той-думандарды, қыдыру дегенді қою керек. Білуімізше, Нұр-Сұлтаннан келген азаматша бір ай құрбысының үйінде қонақта жатқан екен, – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Түркістан облысы бойынша тек індет шыққан 6 елді мекендегі ошақтарға карантин қойылған. Олар: Ордабасы, Бадам, Сарыағаш, Сайрам ауданындағы Қосбұлақ, Арыс қаласында Наурыз мөлтекауданы. Науқастар жергілікті жерде емделіп жатыр. Бұдан бөлек, Жетісайда 2, Арыста 1 көпқабатты тұрғын үйлер оқшаулауға алынған.

Қазіргі кезде Түркістанда азық-түлік пен дәрінің бағасы бірқалыпты. Ешқандай айқай-шу жоқ.
Рас, алғашында екі апта бұрын ондай оқиғалар болған. Қазір тынышталды. Сауда орындарына ұн, көкөністер жеміс-жидектер, құлпынай, қырыққабат өнімдері шыға бастады. Айта кетейік, ертеңнен бастап ресми түрде Жетісайдан ірі қалалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағандыға алғашқы керуен-керуен қырыққабат өнімдері жіберілетін болады, – деді әкімнің орынбасары парақшасындағы тікелей эфирде.
Оның сөзінше, бұл ірі қалалардағы кәсіпкерлер мен облыстың шаруа қожалықтарын байланыстырып, әріптестікті нығайтуға бағытталған шаралар. Ал бүгінгі қашықтан оқытудың алғашқы күні туралы облыс әкімінің орынбасары өзінің балаларының да "Балапан" арқылы сабақ оқығанын айтты.
Облыста білім саласына қатысты жақсы бір жаңалық, 488 мың оқушы бар. Қазір солардың 430 мыңы "Балапан" мен "Еларна" арқылы бүгін алғашқы сабағын бастады. Өзімнің балаларым да сағат 10:40-та математика мен орыс тілінен дәріс алды. Ол видеосабақтар өте ыңғайлы, мұғалімдері whatsapp арқылы қай сабақты оқып, қарау керек тапсырма берді. Ал Түркістан, Арыс, Кентау қалаларындағы 57 мың оқушы "Daryn.online", "bilimland.kz", "kundelik.kz" арқылы оқиды. 320-дан астам оқушы "Қазпошта" арқылы қашықтан оқытылады. Бұл да балаларды оқусыз қалдырмаудың бір тәсілі. Компьютері жоқ мұғалімдер техникамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда мұғалімдер қашықтан жұмыс істеп жатыр. Ешқандай проблема туындаған жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек, әкім әлеуметтік желіде оқырман сұрақтарына жауап берді. Айтуынша, Түркістанда 3000-нан астам құрылыс жұмыс істеп жатыр, төтенше жағдайға қарамастан құрылыс жұмыстары тоқтап қалмай, жалғасын табады.
Кентаудағы құрылыс жалғасады. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановпен сөйлестім. Жақында болған дауылдың кесірінен жұлынып кеткен шатырларды мердігерлер кепілдемемен жасаған, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын бастады. Тек Түркістанның өзінде 100-ден астам құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол тұрғын үйлер ғана емес, оның ішінде 29 нысан әкімшілік, мәдени ғимараттар, сондай-ақ су құбырлары, кәріздер жүргізілуде, – деді Сәкен Қалқаманов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы