Жемқорлықпен сотталғандар рақымшылыққа іліне ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев Мәжілістің кулуарында жемқорлықпен түрмеде отырғандар рақымшылыққа ілінетіні туралы айтты.

Аюбаев атап өткендей, Қылмыстық Кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды.

Аса ауыр қылмыстың түрлеріне терроризм, экстремизм, жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыстар кіреді. Бұл Қылмыстық Кодексте жазылған. Рақымшылық туралы заң 1 желтоқсанда енгізілсе, онда ол осы күнге дейін жасалған қылмыстарға қолданылады. Олардың арасында онша ауыр емес жаза алған, орташа қылмыс жасағандар босатылып, қысқартылады, - деп айтты комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол жемқорлықпен сотталғандар рақымшылыққа жасаған қылмысының жеңілдігіне қарай ілінетінін айтты.

Бүгінгі күнге дейін 8 рақымшылық заңы қабылданды. Бұл онша ауыр емес, орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты. Олардың арасында бұрын сотталып, кейін рақымшылық қолданған адамдар бар. Заң жобасында көрсетілгендей, рақымшылықта босату және өтеу мерзімін қысқарту бар. Жемқорлықпен отырған қылмыскерлердің қылмысы жеңіл, орта жеңіл болып, залалы болмаса, олар рақымшылыққа ілінеді, - деп айтты Мейрам Аюбаев Мәжілісте.

Оның айтуынша, ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына рақымшылық қолданылмайды.

Бұған дейін ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев рақымшылық жасау туралы заңның аясында 2 236 сотталушыға, 11 310 пробациялық бақылауда тұрған адамға рақымшылық жасалатыны туралы мәлімдеген болатын. Нәтижесінде 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады, 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Сонымен қатар 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы