16 Қараша 2026, 19:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Желтоқсан айында елімізде ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» 2026 жылғы желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Ал жауын-шашын мөлшері барлық өңірде климаттық норма шамасында күтіледі.

Температура Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының шығыс бөлігінде және Алматы облысының шығысында климаттық нормаға жақын болады.

Желтоқсанда елдің басым бөлігінде және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда ауаның орташа айлық температурасы –5…–13 градус аралығында болады деп болжанып отыр. Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында бұл көрсеткіш –17 градусқа дейін жетеді.

Ал елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде орташа айлық температура –4…+3 градус шамасында болады деп күтіледі.

Еске салсақ, бұған дейін қарашада Қазақстанда ауа райы қандай болатынын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, синоптиктер Қазақстанда биыл қыстың қандай болатынына болжам жасады.